Қазақстандықтар көлік алуға миллиардтап ақша жұмсап жатыр. Биыл алғашқы 5 айда елге 78 мыңнан астам жеңіл көлік әкелінген. Бұл - былтырмен салыстырғанда 33 процентке көп. Тек мамырдың өзінде 21 мыңнан аса көлік жеткізіліпті. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
ЖАНАТ ҚЫМБАЕВ, АВТОСАРАПШЫ:
Биыл халық көбіне үнемді, қозғалтқыш көлемі кіші көліктерге ден қойды. Себебі ондай машиналар жанармайды аз жағады, салығы да аз, бағасы да қолжетімді.
Көліктер көбіне Қытайдан келеді. Биыл 50 мыңнан астам темір тұлпар аспан асты елінен әкелінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ресей мен Германиядан да көлік жеткізу артқан. Ал Жапония, Корея, АҚШ-тан әкелінетіндер азайған.
ИСЛАМБЕК БАЙТҰНОВ, АВТОКӨЛІКТЕРДІ САТУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІ:
Hyundai, Accent моделі өтеді, Elantra моделі өтеді. Түсіне жинақталымына байланысты ол адамның өз таңдауына байланысты болады.
Елімізде де автокөлік шығару жанданып жатыр. Былтыр Қазақстанда 147 мың көлік құрастырылған. Бұл бұрын-соңды болмаған рекорд. Бүгінде Hyundai, Chevrolet сияқты брендтерден бөлек, қытайлық Jetour, Haval, Chery көліктері де Қазақстанда шығарылады. Ал алдағы жылдары Proton маркасы да шығуы мүмкін. Малайзиямен келіссөздер жүріп жатыр.
САПАРБАЙ ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Бізде бір қандай да бір пікір бар ғой. Ой өзімізден шыққан нәрсенің сапасы төмен деген бір пікіріміз бар. Блоктарынан, бөлшектерінен жиналады да, ол жақсы болмайды деген пікір бар. Мен ойлаймын ол оншалықты дұрыс емес, ол қате пікір. Біз өзіміздің еліміздің өндіретін өнімдеріне көбірек қызығуға әрекет жасауымыз керек.
Қазақстандықтар көлікке қызығушылығын әлі де жоғалтпаған. Бірі - үнемді шетел көлігін іздесе, енді бірі - отандық өнімге сенім арта бастады. Көлік көп, тек таңдауың керек.