Алматыда кесар тілігімен дүниеге келген баланың басы қоса тілініп кеткен

«Кесар тілігі арқылы босанғанда баламның басын қоса тіліп жіберді». Алматылық әйел осылай деп шырылдап, ұлына ем іздеп жүр. Анар Мейренбекова былтыр №5 перзентханада кесар тілігімен босанған. Оның жүктілігі жеңіл өткен, оған қоса құрсағындағы сәбидің жүрек соғысы да қалыпты болыпты. Бірақ айы-күні жетпей, бір ай ерте босануға тура келген. Дәрігерлер: «Табиғи жолмен тусаңыз, жатырыңызға зақым келеді», - деп ота жасаған. Жаңа туған нәресте бірнеше күн инсульт алып, 1,5 ай аппаратта жатыпты. Сәбиінің жай-күйін алаңдаған ана жеке емханаға барып тексертіп, микроцефалия, инсульт, ДЦП, көз тамырының отрафиясы диагноздары қойылған. Ал перзентхана дәрігерлері: «Операцияда болған жағдай міндетті түрде анаға ескертіледі»,-деп қана жауап беріпті. Енді балақайды Қытайда емдету үшін 50 миллион теңге қаражат керек екен. Бірақ бұл ауруды түбегейлі жоя алмайды, тек жеңілдетіп бере алатын көрінеді.

АНАР МЕЙРЕНБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ұлым Оспан былтыр 24 қазанда шұғыл түрде кесар тілігін жасау арқылы дүниеге келді. Босанған соң баламды бірден өзіме бермеді, өйткені оның қолында флегмона болыпты. Неге екені белгісіз, қолының бәрі қызарып кеткен. Ұлымның тамырынан қан алған сияқты көрінді, өйткені денесінде көгерген іздерді байқадым. Оған қоса, операцияға 5-6 үндіс студенттер қатысты, ота түгелімен ағылшын тілінде өтті.