Қорғансыз мамандықтар: Мұғалім мен дәрігерге күш көрсеткендер қалай жазаланады?

Соңғы уақытта дәрігер мен мұғалімге шабуыл жасау оқиғалары жиілеп кетті. Білім саласында агрессияның өсуі байқалады. Оқушылар тарапынан ғана емес, кейде ата-аналар да қысым көрсетеді. Бұл мұғалім мамандығының абыройына тікелей соққы. Мемлекет басшысы бұған дейін медицина қызметкерлеріне күш көрсеткендерге жазаны күшейтуді тапсырған еді. Үкімет бұл бастаманы әрі қарай кеңейтіп, мұғалімдерді де заң жүзінде қосымша қорғауға алмақ.

ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Соңғы кезде мұғалімдер де шабуылға ұшырай бастады... Әрине, заңда мұғалімдердің құқығы заңмен қорғалатыны жазылған. Бірақ мұғалімдерге қарсы әрекет пен оның жауапкершілігі бір-біріне сай болу керек. Оны да қарастырып отырмыз. Біраз ұсыныс бар. Депутаттармен бірге ақылдасып, азаматтарға жеткіземіз деп ойлаймын.

Соңғы айларда дәрігерлерге қол көтерген бірнеше оқиға Қостанай мен Қарағанды қалаларында тіркелді. Мұндай әрекеттердің жазасыз қалмауы – қоғам талабы. Жаңа заң жобасы бойынша медицина қызметкерлеріне күш қолдану әрекеттері үшін Қылмыстық кодекске жеке бап енгізіледі. Әртүрлі жағдайға қарай түрлі жаза көзделмек. Министрдің мәлімдеуінше, егер медициналық қызметкерге күш қолдану қаупі төнсе және факті тіркелген жағдайда 2 жылға дейін бостандығын шектеу жазасы көзделіп отыр.

АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Ал егер бір медицина қызметкеріне қатысты күш қолданған жағдайда 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, төтенше жағдай кезінде жасалған болса 10 жылға дейін, ал егер бұл әрекет бірнеше медицина қызметкеріне, яғни бір топ маманға қарсы бір немесе бірнеше адам тарапынан жасалса 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Қоғамның жүрегі – дәрігер мен мұғалім. Олардың қауіпсіздігі барша халықтың қауіпсіздігі. Жаңа заң жобалары тек жазаны қатайтып қоймай, осы мамандық иелерінің мәртебесін нақтылауға, қорғауға бағытталған.