АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Еліміздің бірнеше өңірінде аптап ыстық болып жатыр. Мәселен, «25 шілдеге дейін оңтүстікте сынап бағанасы 43, ал шығыста 35 градусқа дейін көтеріледі»,- дейді синоптиктер. Ал Алматыда осы аптаның соңына дейін 41 градус қапырық болады екен.
Шілденің шіліңгірі қаладағы кейбір кәсіпкерлердің қолын жүргізбей, тұсау боп отыр. Мәселен, көшеде дүңгіршектерде балмұздақ, түрлі десерт сататын саудагерлердің бизнесі осындай аптап ыстықта аздап шығынға батады екен. «Күндіз тұтынушылар болмайды»,-дейді олар. Одан қалса, сусындарға қосатын мұздар тез еріп кетеді екен.
БЛИЦ:
- Мороженое аппарат негізі ыстық кезде қатып үлгермейді. Оның өзінен шығатын температурасы бар, и сырттың ыстығы болса екеуі қосылып қатты ыстық болады. Далада 40 градус ыстық болса, мынаның ішінде 45-50 градус ыстық болады.
Мегаполисте күн шекесіне түсіп, қызып тұрғанына қарамай, көңіл көтеретіндер де, ыстыққа шыдамай, жұмысқа әзер барып келетін тұрғындар да табылды. Ал кей азаматтар Алматының инфрақұрылымы мұндай аптап ыстыққа дайын емес екенін айтып шағымданды.
БЛИЦ:
- Алматыда ыстыққа деген қорғаныс жоқ ешқандай. Мына отыратын жерлерде, болмаса көшеде остановкаларда ешқандай көлеңке жоқ. Отыратын жердің бәрі күйіп кеткен. Мүмкін емес, үлкен кісілер тікеден тік тұр.
- Күннің ыстығына қарамай, біз балаларды қыдыртып жүрміз. Шомылуға апарып жатырмыз. шығып келдік, тауда салқын екен ауа райы.
АЙДАНА ШАЛҚАР, ТІЛШІ:
Осылайша Алматыдағы ауа райы әзірге қуантпай тұр. Айтпақшы осылай мен сияқты күн сәулесінен қорғайтын жақпаларыңызды ұмытпай алып жүріңіздер. Әйтпесе, беттеріңізге әжім түседі. Ал, еліміздің батыс өңірінде ауа температурасы қандай екен? Әріптесім Еркін Карин жалғастырады.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Иә, Айдана, шыжыған шілде бізге де оңай тимей тұр. Аптаптың кесірінен Оралда өлім-жітім жиіледі. Былтыр күн өтіп, 9 адам бақилық болса, биыл ыстықты көтере алмай 12 азамат дүние салыпты.
Соңғы 5-10 жылдағы деректерді салыстырсақ, биылғы шілде ауа райын болжау қызметінің тарихында қалатын түрі бар. Өйткені ауа температурасы бірнеше күн қатарынан +42, тіпті +44 °C дейін көтеріліпті. Дәрігерлер күн ысыған кезде саулығы сыр бергендер көбейгенін айтады. Ауруханаға келгендердің көбі қан қысымы жоғарылағанын айтып шағымданады екен. Өйткені жоғары температура ағзадағы қан айналымына кері әсер етеді. Тіпті күн тиіп, өмірден өткендер де бар.
АЙДАНА САМЕНОВА, БҚО КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ ТЕРАПЕВТ ДӘРІГЕРІ:
Науқастардың көп бөлігі, басым бөлігі артериялық қан қысымы диагнозы қойылған науқастар. Күннің көзінде жүріп, ыстықта дәрі-дәрмектерін ішпей, ұмытып кетіп, сондай уақытта бізге жүгінеді. Күн өтудің белгілері - бас айналу, жүрек айну, құсу, әлсіздік. Күннің көзінен қатты қызып кетіп, ол деген қан тамырларын бітеп, бастың қанайналымын төмендетеді.
Дәрігерлер күн ысыған кезде көшеде жүрмеуге, суды көбірек ішуге кеңес береді. Ал созылмалы ауруы барлар дәрісін уақытылы ішіп, күтінгені жөн. Ауа райын болжаушылардың дерегінше, соңғы 15 жылда өңірдегі ауа температурасы тұрақты көтеріліп келеді. Осының әсерінен жауын-шашын азайып, дауыл жиілеген.
ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:
Көлеңке іздегендердің көбі қазір су жағасында жүр. Бірақ салқындау үшін суға секіргендердің көбі сақтықты ескере бермейді. Осылай құрдымның құрбаны боғлан 20 адамның бесеуі - кішкентай балалар. Аптап ыстық бізді ғана емес, қызылордалық әріптестерімізді де әбден әуреге салған сияқты. Мөлдір, сөз кезегі өзіңде.
МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Иә, Еркін, Қызылордада күн қатты ыстық. Көшеде жалаңбас жаяу жүру мүмкін емес. Ауа температурасы 41-43 градусты көрсетіп тұр. Синоптиктер алда бірнеше күн 31-36 градусқа төмендейді дейді. Алайда шілденің соңында тағы да аптап ыстық болады деп болжануда. Бір өкініштісі, аймақта бір тамшы жауын жаумады.
НАРГИЗ БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ:
Жауын шашынның айлық мөлшері нормадан төмен. Алдағы уақытта, алдағы күндері облыс аумағында циклон жылжып, облыстың орталығында, басытыснда,ғ солтүстігінде жаңбыр, найзағай болжанады. Және желдің екпіні 15-20 м/сек көтеріліп, шаңды дауыл күтіледі.
Мұндай ауа райында суға түсіп, салқындағысы келетіндер де азаймай тұр. Төтеншеліктер су айдындары мен арық-каналдардың бойында кезекшіліктер де ұйымдастырады. Жыл басынан бері белгіленбеген жерге суға түскен 44 адамға әкімшілік шара көрілген.
ӘКІМӘЛИ ҚУАНЫШБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ ОФИЦЕРІ:
Облыс аумағында жалпы 63 аумақ бар қауіпті деп саналатын. Осы жерлерге тәулік бойы рейд жұмыстары жүргізіледі. Кезекшілік ұйымдастырылған. Салқындаймын деп суға түсіп жатқан фактілер көп. Ондай жағдайда біз анықтаған кезде ҚР ӘҚБК бар 412-бабы бар. Соған сәйкес біз әкімшілік шара көреміз.
МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Аймақта 7 айда 17 адам суға кеткен. Өкінішке орай, оның 8-і бала. Төтеншеліктердің мәліметінше, олардың көпшілігі арнайы белгіленбеген жерге шомылып, судағы қауіпсіздікті ескермеген.