Ақжайық атырабының диқандары егінге орақ салды. Биыл Батыс Қазақстан облысындағы 633 мың гектар жерге егін егіліпті. Оның жартысынан астамы - дәнді дақылдар. Мамандардың айтуынша, биыл егіннің шығымы жоғары. Облыстағы астықты аудандардың бірінен саналатын Бәйтеректе де бидай бітік шыққан.
ҚАЛИЯР АЙТМҰХАМБЕТОВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Егіс науқаны жаппай күні кеше басталды. Бүгінгі күні облыс бойынша 12 пайыз егін орылды. 40-50 центнерден алып жатқандар да бар. Бірақ орташа бүгінде гектарына 19-20 центнерден қалыптасып тұр. Жақсы өнімдер Шыңғырлау, Бәйтерек және Тасқала аудандарында.
20 жыл бойы жер емген байырғы диқандардың бірі Рафаэль Амирханян қазір егістіктің соңғы алқабын оруға кіріскен. Шаруа биылғы жаздың қолайлы болғанын айтады. Ендігі міндет - далада масақ қалдырмай, қамбаға құю. Содан кейін күздік бидайдың қамына кіріседі.
РАФАЭЛЬ АМИРХАНЯН, ШАРУА:
Биыл егіннің өнімі көңілден шықты. Гектарына 30 центнерден жинап жатырмыз. Былтыр небары 4 центнер болған. Ол кезде еріген қар суы егістік алқапты қатты бүлдірді. Биыл егінді уақытылы жинап үлгіреміз деген ойдамын, техника жеткілікті, тынбай жұмыс істеп жатырмыз. Егістікті барлық технологияны сақтап, уақытылы өңдедік.
Биылғы егін орағына Үкімет 11 800 тонна жанармайды арзан бағамен бөліп отыр. Былтыр сұйық отынның бағасы 254 теңге болса, бүгінгі бағам - 242 теңге. Бұл - еліміздегі ең төменгі баға. Мамандар жанармай қоры жеткілікті болғандықтан, егін орағы да өз уақытында кедергісіз аяқталады деген пікірде.