Биыл сабақ 1 қыркүйекте бастала ма?

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биыл Конституция күніне орай демалыс болғандықтан, мектеп жиындары кейінге шегеріле ме деген сауалға жауап берді. 

Биыл Қазақстанда 30 тамызда атап өтілетін Конституция күні сенбіге келіп отыр. Осыған байланысты демалыс дүйсенбі – 1 қыркүйекке ауыстырылады. Министрдің айтуынша, биыл сабақ ресми 2 қыркүйекте басталады.

"Салтанатты іс-шараға, оқу жылының басына келер болсақ, біз бұл мәселені қарастырдық. Мектеп пен мұғалімдер кеңесі салтанатты шараларды 1 қыркүйекте өткізу мүмкіндігін қарастырса, бұл шешім қабылданатын шығар. Әрине, біз мұндай мүмкіндік береміз. Бірақ ресми түрде барлық іс-шара 2 қыркүйекте өтуі керек. Өйткені бұл жұмыс күні және баяғыдан солай болған”, – деді Бейсембаев.

Ол алғашқы қоңырау бірінші сынып оқушылары үшін өтетінін айтты. Мектеп оқушылары үшін бұл мереке ерекше дейді.

"1 қыркүйек бірінші сынып оқушылары үшін негізінен ерекше. Сондықтан біз ата-аналармен, педагогикалық ұжыммен ақылдасып жатырмыз. Олар көбіне 1 сыныпқа баратын оқушыларға қатысты мәселені көтереді. Бұл өте маңызды сәт, олар мектепке алғаш рет келеді, сондықтан мұндай символикалық мерекені өткізу өте маңызды", – деп түйіндеді министр.