Вьетнамда дауылдан зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ

  • AstanaTV
  • 25 шілде 2025
  • 211

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Вьетнамда «Випха» дауылынан зардап шеккендердің арасында қазақстандықтар жоқ. Қазір Нячанг, Фукуок аралдарында 8 мыңнан астам отандасымыз демалып жатыр. Бұл аралдар елдің оңтүстігінде орналасқан. Ал дауыл – солтүстік өңірлерде. Сондықтан отандастарымызға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, дейді жауаптылар. 

Ғалымжан Кеңшілік, тележүргізуші: 

Шамамен үш күн бұрын біз Вьетнамға келдік. Дананг қаласында Хоян деген қала бар. Сол қаланың маңындағы қонақ үйдеміз. Отбасымызбен демалыстамыз. Ауа райы бүгін бұлтты, шамалы жаңбыр жауды, бірақ кеше күн шығып, бізге нағыз жаз мезгілі болып көрінді. Ал негізі расымен жаңбырлы кезеңге түсіп қалған екенбіз. Солтүстіктегі тайфун бар. Негізі туроператорлар бұл уақытта барлығы жақсы болады деп айтқан еді. Бірақ білгенімізше, Вьетнамға жылына 4-5 рет тайфун келеді екен.

Айта кетсек, Вьетнамның солтүстігіндегі тайфун осыдан бірнеше күн бұрын басталды. Дүлей дауылдан бір ғана Нге Ан провинциясында 4 мыңға жуық үй құлаған. Ал оған дейін 2 күн бұрын ғана Куангнин провинциясында қатты желден туристік кеме аударылып, 38 адам қаза тапқан еді. Осыған қарамастан, биыл Вьетнамда демалып жатқан қазақстандықтардың саны жылдағыдан 5 есе көп. 

Аяулым Оразбекова, туроператор:

Себебі жазда бізде баруға келетін елдер өте аз. Түркия мен осы Вьетнам елдері ғана баруға болады. Вьетнам көбіне арзан келеді. Әсіресе тиімді турлар жақындағанда өте арзан шығады. Соған байланысты осы бағытты таңдап жатады. Негізі Вьетнамға қыс мезгілдерінде барған жақсы. Себебі ауа райы да қолайлы болады. Сосын табиғи апаттар да аз. 

Асылхан Есілов, «Туристік қамқор» қорының директоры: 

Вьетнамда қазан айына дейін осындай дауылдар болады. Эвакуация қажет болса біз оған қосыламыз және барлық туристерді міндетті түрде Қазақстанға жеткіземіз.

Қазақстандықтар ең көп демалатын елдер

Жалпы, жерлестеріміз Вьетнамға ғана емес, Түркияға да көп барады. Қазір 16 мың адам сонда саяхаттап жүр. Кейінгі кезде Мысырға да бізден біраз турист барады. Бір айда 6 мың адам тур алған. Қазақстандықтар таңдайтын топ бес туристік аймақтың ішінде Біріккен Араб Әмірліктері мен Хайнань да бар. «Туристік қамқор» қорының дерегінше, қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде 3 мың, Хайнаньда мың жарым қазақстандық демалып жатыр,- деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы.