«Қазсушар» Түркістан филиалы екі өндірістік учаскесінің басшылары жұмыстан уақытша шеттетілді

  • AstanaTV
  • 25 шілде 2025
  • 108

Су ресурстары және ирригация министрлігі мәліметінше, бұған аудандарда анықталған бұзушылықтар себеп болды. Атап айтқанда, Түркістан облысында күріш егу жоспары 3,3 еседен асып кеткен. Суармалы су тапшылығы қаупіне және 4000 га шегіне қарамастан, «Қазсушардың» жергілікті филиалы диқандармен 13 258 га күріш алқаптарын суаруға 1 047 келісімшарт жасасқан.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің өңірге жұмыс сапары жалғасып жатыр. Су ведомствосының басшысы Шардара ауданындағы су шаруашылығы жағдайымен танысты.

Бүгінгі таңда Қызылқұм каналы күріш, жүгері, мақта, көкөністер, жоңышқа, жүзім, бау-бақша дақылдары өсірілетін 28 366,1 га жерге су жеткізді. Вегетация кезеңі басталғалы бері канал арқылы су беруге 2 978 келісімшартқа қол қойылды.

– Министрліктің жұмыс топтары тәулік бойы кезекшілік жүргізіп, өңір каналдарындағы су деңгейін бақылауда ұстап отыр. Су беру кезекпен жүргізіліп, шаруалармен түнгі суаруға көшу және егіс айналымы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Десе де судың «көлеңкелі нарығын» жою мәселесі өзекті болып қала береді. Шардара су қоймасының маңында 24 заңсыз сорғы қондырғысы анықталды. Бұған дейін біз заңсызсу алумен тиімді күресу үшін облыстың құқық қорғау органдарымен күш біріктірдік, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.