Елімізде енді табысы жоғары отбасылар өздеріне тиесілі кейбір әлеуметтік жәрдемақыдан шеттеледі. Кіріс жан басына шаққанда 173 мың теңгеден асқан жанұялар ауқатты деп саналады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде скорингтік модель жұмысын бастады. Жоба арқылы әр отбасының экономикалық жағдайы бағаланады. Сәйкесінше, әлеуметтік көмекті тек мұқтаждар алады.
ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ:
Қолдау шаралары нақты мұқтаждығына қарай көрсетіледі. Бағалау кезінде материалдық көрсеткіштер, яғни табыстың, мүліктің, көліктің, несиенің болу фактісі, сондай-ақ материалдық емес факторлар денсаулығы, мүгедектігі, білім деңгейі, асырауындағы адамдардың саны және бейресми жұмыспен қамтудан түсетін жасырын табыс ескеріледі.
Биыл мамыр айында іске қосылған пилоттық жоба әзірге Шымкент қаласы мен Қарағанды облысына енгізілген. Алайда тұрғындар қымбатшылық бүйірден қысып тұрған уақытта халықты әлеуметтік көмектен айыру дұрыс емес, дейді.
БЛИЦ:
- Дұрыс емес деп ойлаймын. Потому что өзімізде бір тал қызымыз бар. Соның өзін бізге қамтамасыз ету оңай күшке түсіп жатқан жоқ.
- Ол қайдан, жетпейді ғой, ешкімге. Квартираң бар.
- Астанада 170 мың теңге ақша емес, шыны керек. Квартирасы бар ма, съемный ма? Сол жағында ескеру керек.
Экономистер бұл өзгерістер тек жергілікті әкімдіктердің көрсететін қосымша көмектеріне қатысты екенін айтады. Яғни, ауыл-аймақта бай-бағландар мемлекет тарапынан берілетін түрлі жәрдемақылардан құр қалмайтынын ескерсек, бұл өте әділ шешім, дейді.
САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:
Оларға кейбір жәрдемдерді беріп, ал көпшілік жәрдемдерді бермеуі мүмкін. Себебі олардың да табысы мұқтаж адамдарға қарағанда жеткілікті. Мен ойлаймын бұл бюджетімізге анау айтқан ауыртпалық та, жеңіл де болмайды. Бірақ әлеуметтік әділеттік орнатуға әрекет жасау осы дұрыс деп есептеймін.
Табысы шекті мөлшерден асқандар әлеуметтік қолдаудың 11 түрінен шеттеледі. Олар мектептердегі тегін тамақтану, жазғы лагерьлерге жолдама, оқу орындарындағы жатақханалар, тұрғын үй көмегі, жалдамалы баспанаға субсидия және басқа да шаралар. Алайда 41 төлем түрі, яғни зейнетақы, бала күтіміне байланыс жәрдемақылар табысына қарамастан төлене береді.