Бір жағынан - тренд, екінші жағынан - талас. "Лабубу" ойыншығы бүгінде сәнге айналды. Бірақ бағасының тым қымбат болуы мен сырт келбетінің психологиялық әсері қоғамда сұрақ тудыруда. Қарапайым нұсқалары 7-10 мың теңге тұрса, сирек түрлері 40-50 мың теңгеге дейін жетеді. Жинақ нұсқалары мен лимитті сериялар бұдан да қымбат. Қазір кейбір ата-аналар баласының сұранысын орындаймын деп, ойыншықты тіпті несиеге де алып жатқандарын жасырмайды.
АЙША ҚҰРМАНҒАЛИ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Ойыншықтар мысалы әр адамның жас ерекшелігіне сай болу керек деп ойлаймын. Мысалы, 3 жастағы балалардың одан қорқуы мүмкін де, оған қорқынышты эмоциялар тудыруға, ойыншық деген нәрсенің қорқыныш деп ұғуына түсінік, ойлар, сезім қалыптастыру мүмкін. Ондай ойыншықтардың шығуы әр түрлі көзқарас, бизнес, сұраныс, жалпы адамдардың көңілін аулау, маркетология бұл жерде тек қана сондай деп ойлаймын.
Лабубудың сырт келбеті дәстүрлі сұлулықтан алшақ. Үлкен көзі, өткір тістері, кейде қара реңді бейнесі балалар мен сезімтал адамдарда үрей, жағымсыз әсер тудыруы мүмкін. Әлеуметтік желіде бұл ойыншыққа қатысты «жынға ұқсайды», «энергетикасы ауыр» деген пікірлер де жиі жазылады.
БАЛАБЕК САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:
Ол біздің стереотипте, қалыптасқан нормаға келмейді де бір қарағанда адамның бойында агрессия туғызатындай ойыншықтар. Тістері бар, ешқандай адамның басқа бір жануардың түріне келмейтін ойыншық болғандықтан. Бұл ересек адамдарға қатты ықпал етпеуі мүмкін, ал балаларға бей саналы түрде бірте-бірте агрессия, тістеріне қарап, бұзылған формаларына қарап отырып, балалардың бойында агрессия тудыруы мүмкін.
Лабубу - заманауи ойыншық мәдениетінің жаңа кезеңі. Бірақ ол тек ойыншық емес. Оның артында нарық, тренд, эмоция және жауапкершілік тұр. Әр ата-ана үшін басты сұрақ: сәнге ілесу маңызды ма, әлде баланың ішкі тыныштығы ма? Бұл - тек ойыншық емес, бұл - таңдау.