Астанада Джей Ло концерті кезінде көлік қозғалысы шектеледі

  • AstanaTV
  • 26 шілде 2025
  • 105

1 тамызда өтетін Дженнифер Лопестің Астанадағы концерті кезінде "Астана Арена" маңында көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады. 

Ауқымды концерттің өтуіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қонақтардың ыңғайлы келіп-кетуі мен қозғалысын ұйымдастыру мақсатында "Астана Арена" стадионы маңындағы "Алау" мұз сарайы мен "Сарыарқа" велотрегі жағынан автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі.

Көлікті келесі орындарға қоюға болады: 

  • "Алау" мұз сарайы
  • "Барыс Арена" мұз айдыны
  • "Сарыарқа" велотрегі, Ботаникалық бақ (Бұқар жырау және Орынбор көшелері жағынан)
  • Керей мен Жәнібек хандар көшесі және басқа да тұрақ орындары.

Jennifer Lopez концертіне келушілердің ыңғайлығы үшін қала бойынша бес орыннан "Астана Арена" стадионына және кері бағытта қатынайтын арнайы шаттл-автобустар қатынайды:

-Астаналық цирк тұрағы;

-"Әзірет Сұлтан" мешітінің тұрағы;

-QAZAQSTAN спорт кешенінің тұрағы;

-Тұран даңғылы жағынан Орталық саябақтың тұрағы;

-"Бас мешіт" тұрағы.

"Арнайы автобустар сағат 16:00-ден бастап қатынап, жолаушыларды қаланың бес нүктесінен "Астана Арена" стадионына жеткізеді және концерт аяқталғаннан кейін қайта алып кетеді.

Шаттл-бастар концерт басталғанға дейін және аяқталғаннан кейін екі бағытта қатынайды. Кептелістер мен тұрақ мәселесіне тап болмас үшін фестиваль көрермендері қоғамдық көлікпен қатынағаны жөн", - делінген әкімдік хабарламасында.