Елімізде 50-ден аса онлайн казиноның есепшоты бұғатталды. Тыйым салынған интернет-ресурстарға тосқауыл әлі де жалғасып жатыр. Биыл заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілері 45-тен 32-ге дейін, яғни 22,2 пайызға төмендеген. Бас прокуратура заңсыз ойын қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомоствоаралық мәжілісте құмар ойындардың қауіптерін талқылады. Бұл мәселеде мүдделі мемлекеттік органдар қаржылық ағындарды бақылау және заңсыз ойын қызметінің жолын кесуді қарастырды. Сондай-ақ қадағалауды күшейту және алдын алу шараларын жетілдіру бойынша тиімді тәсілдер әзірледі. Бас прокуратура Қылмыстық кодекс бойынша заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандардың дүние-мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын ескертті.