Көпқабатты үйлердің кіреберісіне велосипед пен балалар арбасын қойған тұрғындар айыппұл арқалайды. Тыйым салынған заттардың қатарында самокат, ескі орындықтар, тіпті, гүл құмыралары да бар. Үй-үйді аралап, рейд шараларын өткізіп жүрген полицейлер кіреберістің іші-сыртында үйіліп тұрған заттар төтенше жағдай кезінде үлкен қауіп төндіретінін ескертуде.
Үйді жағалай жеке мүлікке толтырып қоюға болмайтынын көпшілігі біле бермейді. "Білгеннің өзінде амал жоқ" дейді тұрғындар.
ЖАНБОТА ЫҚЫЛАСҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
1 квартирада 3-4 великтен бар. Кем дегенде екі велосипедтен. Сыя бермейді. Өзіңіз білесіз, басым көпшілігі ұрланады. Самокат, велосипедтер, барлығы ұрланып жатыр.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Қапыда велосипедіңізден айырылып қалғыңыз келмесе, мүлкіңізді көлік тұрағына қойған абзал. Қазір көпқабатты тұрғын үйлердің көлік тұрағында арнайы осындай велоаумақ бар. Айыппұл төлеп, әбігерге түскісі келмеген ата-аналар балалар арбасын немесе велосипедті осында қояды. Бірақ мұны да ескеріп, заңға бағынатындар кемде-кем.
МӨЛДІР ҚҰЛТАНБАЕВА, МИБ ТӨРАҒАСЫ:
Мен председатель ОСИ ретінде айта беремін. Болмайды, алып тастаңыздар деп айтамыз. Ата жауы атанамыз. Ол менің жеке талабым емес, заң талабы ғой. Біріншіден өздеріңіз үшін. Мәселен, ертең өрт болса, қара түтіннің ішінде өздері шалынып құлап, ана өрттің ішінде қалып кеті мүмкін.
Мұндай заңбұзушылық үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Заңды қайта бұзған жағдайда айыппұл көлемі де артады.
ЕРБОЛ ҚАСЫМХАНОВ, УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:
410-бабқа сәйкес мұндай әрекеттер өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу болып саналады. Тұрғындарға әуелі ескерту жасаймыз, ескертуге құлақ аспай, тағы да заңды бұзып жатса, іс материалдарын төтеншеліктерге жібереміз. Олар айыппұл салады.
Үйдің кіреберісі барлық тұрғындардың ортақ меншігі екенін ұмытпаған жөн. Мамандар велосипедтерін қысы-жазы аулада ұстап, оны байламай, жолда тастап кететін азаматтарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.