Президенттік жастар кадрлық резервінің екінші кезеңіне санаулы күн қалды. Биыл ресми сайтқа тіркелген 31 мыңнан астам азаматтың 7 жарым мыңы келесі кезеңге аяқ басты. Олар 2 тамызда мәтінмен жұмыс істеу қабілетін бағалайтын тестке қатысады. Жалпы іріктеу 6 кезеңнен тұрады. Бұған дейін 2019, 2021 және 2023 жылдары өткен іріктеулерге қатысуға 60 мыңнан аса қазақстандық қызығушылық танытқан. Бұл жылдары резервке 400 адам қабылданды. Бүгінде олардың 318-і жауапты қызметтерге тағайындалды. Мамандардың айтуынша, биыл үміткерлерге қойылатын талаптарда еш өзгеріс жоқ. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.