Ақтауда Каспий жағалауын тазарту бойынша жаппай сенбілік өтті

Бүгін Каспий теңізінің жағалауында экологиялық сенбілік өтті. «Жылы жағажай» аумағында өткен шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Тазалық жұмыстарына облыс әкімінің орынбасарлары, қала басшылығы, коммуналдық қызмет өкілдері, «Жасыл ел» жасақтары мен ерікті жастар қатысты. Барлығы 400-ге жуық адам мен 4 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 12 тонна тұрмыстық қалдық жиналды.

ТІЛЕГЕН ӘБІШЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, 2023 жылы осы Маңғыстау облысына 390 мың турист келген. 2024 жылы 420 мың адам келсе, биылғы деректер бойынша 520 мың демалушы келген. Яғни осы демалыс күндері осы жерге 8000-ға жуық көлік және отыз мыңға жуық адам демалған. 

Тілеген Әбішевтің айтуынша, арнайы қоқыс жәшіктері орнатылғанына қарамастан, кейбір азаматтар 50 қадам жердегі контейнерге қоқысын тастауға ерінеді.

ТІЛЕГЕН ӘБІШЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жасыратыны жоқ, осы соңғы уақыттарда, демалушылардың табиғат аясын аялауға қатысты көп деректер тіркеліп жатыр. Яғни, демалғаннан кейін, соңдарын жинамай кетеді.

Иә, акцияға қала тұрғындары да белсене қатысуда. Айналамыздың таза болуы - біздің қолымызда дейді олар.

АҚМАРАЛ СҮЙІНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Соңғы уақыт осы пляждардың бәрі де ластанып кетті. Сондықтан акиматтың акциясы болып жатыр "Таза Қазақстан" деген. Соған біздер қатысып, қасымдағы адамдармен бірге келіп, тазалап жатырмыз.

Айта кетейік, жағалауды күнделікті 80-ге жуық коммуналдық қызметкер тазалайды.  Ал табиғатты ластағаны үшін жыл басынан бері 1000-ға жуық құқықбұзушылық тіркеліп, 70 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Ұйымдастырушылар тұрғындарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашыр болуға шақырады.