Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Наурызбай ауданында ауқымды тазалық іс-шарасы өткізілді

Наурызбай ауданында ұлы ойшыл, қазақ әдебиетінің алыбы – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды сенбілік өтті. Таңғы 9-дан бастап Абай даңғылы бойында, аудан шекарасынан, Строительная көшесіне дейін тазалық жұмыстары жүргізілді.

МӘДЕНИЕТ ТАСТАНБЕКҰЛЫ, НАУРЫЗБАЙ АУДАНЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгін 13 мың зейнеткері бар Наурызбай елі бір кісідей жиналып, мына Наурызбай елінің  Келешек паркіне қол ұшын беріп, соны тазалауға жиналып отыр. Біз сөз жоқ Наурызбай елі осындай сенбілікке үлкен ықыласпенен қуанышпенен келіп отырмыз.

Сенбілікке 1100-ден астам адам қатысты. Қатарында аудан әкімдігі мен коммуналдық қызмет өкілдері, жастар ұйымдары, ардагерлер мен тұрғындар бар. Шараға 70-тен аса техника жұмылдырылып, 480 текше метрден астам қоқыс шығарылды. Жол жиектері сыпырылып, арықтар мен аялдамалар тазартылды.

ЕРАСЫЛ ӘДІЛБАЕВ, НАУРЫЗБАЙ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ КӨРІКТЕНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Біздің ауданымызға қарасты Қарғалы өзенінен және қаланың шекарасына дейінгі аралықты тазалап жатырмыз.Бұл сенбіліктің ауданымызға және тұрғындарымызға деген маңыздылығы өзіміздің күнделікті жүретін жолымыз Абай көшесі ең үлкен көшеміз болып табылады, Абай даңғылы сондықтан біз бұл көшемізді әрқашан таза ұстауымыз керек. Жыл басынан бері қарай жалпы Наурызбай ауданында 30-шақты сенбілік өткіздік.

Тазалық шарасынан кейін тұрғындарға арнап мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Поэзия сайысы, Абай мұрасына арналған викторина, фотозона мен дастархан – бәрі де бірлік пен рухани құндылықты айшықтады.