Маңғыстау облысында бірнеше ауылды су басты

Фото: ашық дереккөзден алынды

Маңғыстау облысында толассыз жауған нөсер жауын селге айналып, бірнеше ауылды су басты, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Куәгерлердің айтуынша, жаңбыр бірнеше сағат бойы тоқтаусыз жауып, ауылдағы тіршілікті тұралатып тастаған. Табиғаттың тосын мінезі көлік қозғалысына да кері әсер етті – теміржол бекеттері уақытша жабылып, тасжолдарда ұзын-сонар кептелістер пайда болды. Кейбір көшелерді су шайып кеткен.

– Мұндай құбылысты бұрын-соңды көрмедік, – дейді жергілікті тұрғындар.

Қазіргі таңда құтқару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Су басқан аулалардан су шығару үшін Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті әкімдік бірлесіп әрекет етуде.

– Шетпе ауылындағы мекемелермен қатар, Жармыш, Онды, Шайыр, Отпан, Жыңғылды ауылдарының әкімдері мен қызметкерлері су сору құралдарымен көмекке келді. Жұмысқа мекемелерден және ТЖ бөлімінен №8 өрт сөндіру бөлімшесінің бір агрегаты мен 20 мотопомпа жұмылдырылды. Ащыбұлақ шағынауданында да жұмыс жалғасып жатыр, – деді Шетпе ауылының әкімі Айдос Шамғұлов.

Жауын салдары толық жойылғанша құтқарушылар мен еріктілер жұмысын жалғастыра бермек.