Қаладан шықсақ болды, басып отырып, жылдам жетіп аламыз, - деген ұғым барлық-дерлік жүргізушінің негізгі қағидасына айналғандай. Алайда, ортасы бөлінген, бір бағытта 2 жолақ болса да, қауіп жоқ деген сөз емес. Осыған орай, Ақмола облыстық Полиция Департаментінің Жол-Патрульдік Ротасы алдын-алу шарасын өткізіп, жолдағы негізгі қауіп-қатер туралы ескертті.
Соңғы кезде жүргізушілердің жол үстінде ұйықтап кетуі себепті болатын апат саны жиілеп кеткен. Бір ғана Ақмола облысында бір күнде 2 қайғылы жағдай болған.
МЕДЕТ КӘРІМОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ РОТАСЫНЫҢ КОМАНДИРІ:
Мысалы, Астана-Қарағанды тас жолында, жүргізуші ұйықтап кетіп, бір бағытта келе жатқан көлікті қуып жетіп, жол-көлік оқиғасын тудырды. Соның салдарынан 3 адам оқиға орнында көз жұмды. Петропавловск-Астана-Щучинск тас жолында дәл сондай оқиға болды. Құдалықтан келе жатқан адамдар, бір көлік тола алдындағы жүк көлігінің артына кіріп, алдында отырған жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
Қалааралық жолдарда, төрт түлік мал шығып, қауіп төндіріп жатады. Одан қалды жабайы аңдар да жоқ емес. Тіпті, тәжірибелі жүргізушілер де жүрексінетіндерін жасырмады.
БЛИЦ:
- Көбіне түнде жүрмеуге тырысамыз. Себебі, үй жануарлары шығады. Еліктер шығып қалып жатады жолда. Сондықтан, шаршағанда демалуға тырысамыз. Кейде солардың кесірінен жолдан ұшып кетіп жатамыз немесе жақтауға соғыламыз.
- Өзім тұрақты түрде жүремін. Шидертіге жетіп алсам, 2 сағат ұйықтап аламын. Ары қарай тағы 2 сағат жүріп, заттарымды таратамын.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, қалалар арасында минивэн мініп алып, адам тасымалдайтын жүргізушілер аса қауіпті.
ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:
Асықпаған алысқа барады, - дейді қазақ. Алайда, Альфард секілді көліктерге мініп, екі қала арасында бір күнде 2 рейс жасаймын деген жас балалар апаттың негізгі себебіне айналып барады. 17 сағат ұйықтамау 1 стақан сыра немесе 1 шыны арақ ішкенмен бірдей болады.