«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты жүзеге асырып жатқан «Жастарға жұмыс» жобасы биыл үшінші жыл қатарынан жалғасуда. Бұл бастаманың арқасында жастардың жұмыспен қамтылуы сәтті жүзеге асып жатыр. Жоба «бір терезе» қағидатына сай әзірленген, барлық қажетті ақпарат пен қызмет бір орталықтан ұсынылады.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың тиімді тетіктерінің біріне айналды. Президент 2029 жылға дейін 2,3 миллионнан астам жасты жұмыспен қамтуды басты міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» мен «Еңбек адамы» тұжырымдамасы – жаңа жастар саясатының идеялық әрі мазмұндық негізіне айналды. Бұл – жай ұран емес, жастардың болашағына бағытталған нақты қадам. Жәрмеңкелер, кәсіпорындарға экскурсиялар мен түрлі кездесулер – мыңдаған жастың өз жолын табуына себеп болып отыр.
Бүгінге дейін жоба аясындағы жәрмеңкелер барлық облыс орталықтарында және өңірлік маңызы бар қалаларда өтті. Мәселен, Көкшетау қаласында іс-шара Жастар бастамаларын дамыту орталығының алаңында ұйымдастырылып, 300-ден аса адамды қамтыды. Қатысушылар қатарында – колледж студенттері мен түлектері, жұмыссыз жас мамандар бар.
Мұндай алаңдардың басты ерекшелігі – тек жұмыс ұсынумен шектелмей, мемлекеттік қолдаудың барлық бағыты бойынша кеңес беретін платформа ретінде жұмыс істеуі. Жастар бұл жерде тұрғын үй мәселесінен бастап кәсіп бастауға дейін, медициналық қызметтер мен кәсіби даму мүмкіндіктері жөнінде толық ақпарат ала алады. Яғни, барлық қажетті қолдау бір орталықта шоғырланған.
Мысалы, Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің түлегі Дмитрий Сонников мемлекеттік құрылым өкілдерімен тілдесіп, нәтижесінде «Жастар Рухының» көмегімен Ақкөл қаласында өрт сөндіруші-құтқарушы қызметіне орналасқан. Ал бухгалтер мамандығында оқитын Ұлытау өңірінің студенті Алдияр Зейнолла техникалық салаларға сұраныстың артқанын көріп, мамандығын өзгерту туралы ойға келген.
«Қазір үшінші курста бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша оқып жүрмін. Колледж бізді кәсіби бағдар алу үшін осы жәрмеңкеге жіберді. Техникалық мамандықтарға сұраныстың көп екенін байқадым. Маған да техника саласы қызық – бірнеше жұмыс берушімен сөйлестім. Колледжді бітірген соң, басқа мамандықты да меңгеріп көргім келеді», – деді ол.
Сонымен қатар «Жастар Рухы» оқушылар мен студенттерге жұмысшы мамандықтардың қыр-сырын таныстыру бағытында да жұмыс жүргізіп келеді. Еліміздің әр өңірінде өндіріс орындарына экскурсиялар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, олардың қатарында «Бөрте Милка», Атырау бекіре зауыты, Жезқазған мыс қорыту зауыты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Қазақстан алюминийі», Орал трансформатор зауыты және тағы басқалары бар. Бұл экскурсияларға 5 мыңнан астам жас қатысты. Мұндай сапарлар жастардың кәсіби білімге қызығушылығын арттырып, өндіріс орындарымен тікелей байланыс орнатуға жол ашады. Бұл – тек кәсіби бағдар емес, еңбекке деген құрметті қалыптастырудың маңызды қадамы. Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Олар қазірдің өзінде еңбек адамы болудың абыройлы да қажетті іс екенін сезініп, нақты қадам жасауға ынталануда.
«AMANAT» партиясының жастар саясатында «Bir Tolqynda» пікір алаңы мен өңірлік жастар слеттері ерекше мәнге ие. Белсенді, ойлы және мақсатқа ұмтылған жастар үшін бұл кездесулер тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналған. Мұнда олар нақты жетістікке жеткен замандастарының жолымен танысып, өз мүмкіндіктерін бағамдайды. Осындай бастамалар жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.
«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Акерке Искандерованың айтуынша, «Жастарға жұмыс» жобасы – жай ғана бос жұмыс орындарын ұсынатын шара емес. Бұл – жастардың басты қажеттілігін ескерген әрі шынайы мазмұнға ие бастама. Яғни, қоғамда өз орнын табуға, жұмыспен қамтылып, ел дамуына үлес қосуға бағытталған пәрменді бастама.
«Бүгінгі буын – елдегі жаңғыру үдерісіне сырттай бақылаушы емес, тікелей қатысушы. «Жастарға жұмыс» бастамасы жүйелі түрде жалғасса, ол жастарға өз орнын табуға ғана емес, еңбекқор әрі жауапкершілігі жоғары жаңа буын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін көрсетті. Президенттің Әділетті Қазақстанды құру жолындағы еңбек құндылықтары туралы бастамаларын қолдай отырып, біз еңбек мәдениетін, жұмысшы мамандықтарға құрметті және елге пайдалы болуға ұмтылысты қалыптастыруды көздейміз», – дейді ол.