Қызылжарда бір күннің ішінде түнгі уақытта көше кезіп жүрген 50-ге жуық бала анықталды. Аймақта шілденің 27-сінен бастап «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Полицейлер ойын-сауық орындары мен сауда орталықтарын аралап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды тексеруді қолға алған. Шараға қамқоршылық және білім беру органдары, қоғам белсенділері мен еріктілер де атсалысты. Мәселен, рейд барысында Жұмысшы кентінде 37 жастағы әйелдің алкогольдік ішімдікті жиі тұтынатыны анықталды. Жауапкершіліктен безген ана 16 жасар ұлына дені дұрыс жағдай жасамаған көрінеді. Осының салдарынан құзырлы органдар оны ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастырып жатыр.
АЙНАГҮЛ САУЫТБЕКОВА, СҚО ПД ЖПҚБ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:
Жыл басынан бастап кәмелетке толмағандардың құқықығын қорғау саласында 2869 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442 бабына сәйкес балалардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болғандығы үшін 1819 заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.