Трамп: «Мен демалыстан шыққанша, Путин соғысты тоқтатсын»

Трамп Путинге 10 күн берді. Осы мерзімде соғысты тоқтатпаса, екі еселенген санкция салып, тарифті адам сенгісіз мөлшерге көтеремін, - дейді АҚШ Президенті. Шотландияда демалыста жүрсе де, Трамп келіссөздер жүргізуін қояр емес. Тағы бір сөзінде, мен жұмысқа кіріскенше соғыс тоқтауы керек, - деген Ақ үй басшысы.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен екінші рет Ақ үйді басқарғанда бірден қақтығысып жатқан елдерді татуластырдым. Жұмысымды осыдан бастадым. Путинмен қашан да жақсы араласатынмын. Бірақ, екеуміз телефон тұтқасын қоя сала, жаңа шабуыл басталады. Мен бұдан артық оған мүмкіндік бере алмаймын. Ресей осы соғысқа миллиардтаған доллар шығындап, адам өлтіргенше, баяғыда-ақ, байып кететін жөні бар еді. Бірақ, Путин басқа жол таңдаған сыңайлы.

Трамп, Газа секторына деген суық көзқарасы үшін сынға қалды. Сондықтан, қайтадан аймақтағы аштыққа көңіл бөле бастады. Мәселен, енді туған нәрестелердің және 1 жасқа да толмаған сәбилердің өлімі үшін кенеттен Израиль басшысын кінәлады. Оған қоса, гуманитарлық көмек көлемін едәуір арттырамын, - деп уәде берді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

АҚШ экономикасына триллион доллардан аса инвестиция түсті. Соның ішінен бірнеше миллиард долларды Газа секторына жұмсаймын. Ал, осы уақытқа дейінгі гуманитарлық көмектің халыққа таратылмауына Биньямин Нетаньяху жауапты. Ақыры ел басқарып отыр екен, тамақты тарату секілді қарапайым шаруаны атқара алмаса, несіне билікте отыр? Біз өзіміз де, аймақта көмек тарату пункттерін ашамыз.

Ал, Трамппен кездескен Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармер, тіпті, алысқа кетті. Тұманды Альбион басшысы Израиль соққы жасауды доғармаса, біз де Палестинаны тәуелсіз ел ретінде танимыз, - деп ескертті.

 

КИР СТАРМЕР, ҰЛЫБРИТАНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Егер Газа секторындағы сұмдықты Израиль тоқтатпаса, біз БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаның тәуелсіздігін мойындаймыз. Израиль жай ғана бейбітшілік орнатып қана емес, өзінің бүкіл былықтарын түзеп, өңірдің қайта дамуына жауапкершілік алуы тиіс. Түптің-түбінде, Палестина тәуелсіз ел ретінде қалыптасуы тиіс. Біз бұл идеядан бас тартпаймыз.

Тынық мұхитында алапат жер сілкінісі болды. Зілзала Гаваи аралдарынан басталып, 8,8 баллға жеткен. Қуатты дүмпулер Жапония мен Ресей жағалауындағылар да сезінді. Сонымен қатар, онда цунами  басталды.