1-сыныпқа құжат қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың дерегіне сәйкес, биыл шамамен 370 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Білім туралы заң бойынша, елімізде балаларды мектепке 6 жастан қабылдау – міндетті талап. Дегенмен, бұл жас бәріне бірдей ортақ межеге айналуы тиіс пе?
АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:
Баланы мектепке беретін кезде оның физиологиялық эмоцианалды көңіл-күйін ескерген абзал. Себебі әр баланың дамуы әр түрлі. Кейбір балалар 6 жаста мектепке баруға дайын болса, кей балалар 7 жаста ғана дайын болады. Себебі балада эмоционалды жағынан дайын еместік байқалады. Себебі бала 15-20 минут мұғалімнің айтқанын орындап, бір жерде отыру балаға қиындық соқтыруы мүмкін.
Мектепке қабылдау жасы заңмен белгіленсе де, жүйе ата-анаға белгілі бір таңдау еркіндігін ұсынады. Егер бала психологиялық немесе физиологиялық тұрғыда дайын болмаса, оны 7 жасқа дейін мектепке жіберуді кейінге қалдыруға болады. Бірақ бұл жағдайда мектепалды даярлықтан өту – міндетті.
МЕҢДІГҮЛ ТӘТТІМБЕТОВА, БІЛІМ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Физиология жағынан да баланың ұсақ маторикасы қолының бұлшық еттері дұрыс әлі де жетілмеуінің салдарынан бала қаламды ұстау, оны әдемі көркем жазуы да 6 жасында әлсіздеу болады, 7 жасында дайын болады. Жаратылысқа да байланысты, кейбір бала, жаратылыс туа біткен қабілет қой. Кейбір бала жаратылысы жылдап, бәрін есіне сақтап алады.
Бірнеше жылдан бері елімізде «Мектепке дейінгі ұйымдарда» білім беру стандарттары күшейтілген. Мамандардың айтуынша, балалардың мектепке дайындық деңгейі көбіне мектепке дейінгі білім беру сапасына байланысты.
МАРИНА УМБЕТАЛИЕВА, БАЛАБАҚША ДИРЕКТОРЫ:
Баланы мектепке берудің басты өлшемі- жасы емес, дайындық деңгейі. Ол зейінін ұзақ уақытқа шоғырландыра ала ма, өз ойын еркін жеткізе, ала ма - осы сынды дағдылар маңызды. Ата-аналарға баласының дайындығына көңіл бөлуге кеңес береміз.
Мектеп – үлкен өмірге бастар алғашқы баспалдақ. Бала бұл жолға толық дайын болса – білім де, бейімделу де оңай өтеді. Сондықтан ата-аналар үшін ең бастысы – жасты ғана емес, баланың жеке ерекшелігін, эмоционалдық және әлеуметтік даярлығын ескеру.