Мәжіліс төрағасы Женевада Парламент спикерлерінің VI Дүниежүзілік конференциясына қатысты

Мәжіліс төрағасы Женевада Парламент спикерлерінің  6-ы Дүниежүзілік конференциясына қатысты. 80-нен астам Парламент спикерлері қатысқан жиында Ерлан Қошанов жалпы дебатта  сөз сөйлеп, екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар көпжақты қарым-қатынасты нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықты дамыту үшін парламентаралық іс-әрекетті күшейту мәселесін жан-жақты талқылады. Сонымен бірге Мәжіліс спикері саммит алаңдарында бірқатар әріптестермен кездесіп, парламентаралық байланысты тереңдету мәселесін талқылады. Бұдан бөлек, Ерлан Қошанов Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Молдова, Грузия және Пәкістан Парламенттерінің басшыларымен де пікір алмасып, парламентаралық ынтымақтастық жайын сөз етті. Конференция қорытындысы бойынша арнайы декларация қабылданды.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Парламентарийлер ретінде бізге әділеттілік, теңдік, инклюзивтілік принциптерін ілгерілету ісінде ерекше жауапкершілік жүктелген.  Бұл ретте, Қазақстан Парламенті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан – заң үстемдігі негізінде барлығы және әркім үшін тең мүмкіндіктер мемлекетін құру бастамасын іске асыруға белсенді қатысуда. Әлеуметтік әділеттілік қағидатын іске асыратын бірқатар заң қабылданды. Ауқымды саяси жаңғыру жүріп жатыр, экономикалық реформалар жүзеге асырылуда. Ол жай ғана науқан немесе саяси дискурстың бөлігі емес. Бұл дегеніміз – адамның саяси және экономикалық құқықтарын қамтамасыз ету, оның қадір-қасиетінің құрметтелуі үшін мызғымас жағдай қалыптастыру.