Көлік - экономиканың күретамыры: Президент сала қызметкерлерін марапаттады

Көлік саласының кәсіби мерекесіне орай Мемлекет басшысы сала қызметкерлерін арнайы құттықтап, үздіктерге мемлекеттік наградалар табыстады. Президент бұл мамандық иелерін ел экономикасын алға сүйрейтін нағыз еңбек адамдары деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев көлік жүйесінің стратегиялық маңызын атап өтіп, олардың тынымсыз еңбегі еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып отырғанын жеткізді. Саланың жетістіктері қатарында - Транскаспий дәлізінің дамуы, жаңа теміржол бағыттарының салынуы және логистикалық инфрақұрылымның кеңеюі бар. Биылдың өзінде елімізде мыңдаған шақырым жаңа жол салынып, жүк тасымалы бірнеше есеге ұлғаймақ. Президенттің сөзінше, бұл - көлік мамандарының тынымсыз еңбегінің жемісі.

ҚАЛТАЙ СӘМБЕТОВ, "ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ" ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Бүгінгі марапат көлік саласында қызмет етіп жүрген барша мамандардың қажырлы еңбегіне берілген құрмет деп қабылдаймыз. Сіздің тікелей нұсқауыңызбен көлік саласы бүгінде оның ішінде темір жол саласы бүгінде күрделі қарқынды дамуда. Жұмыстың еселеп өсуіне біз өте сенімдіміз. Көлік саласын, оның ішінде темір жолды дәрежесін өте жоғары көтеріп отырсыз. Ерен еңбектеріміз ел игілігіне жарай берсін.

НҰРЗЕЙНЕП ПІРМАНОВА, "ШЫМКЕНТ ӘУЕЖАЙЫ" АҚ ҰШУ АППАРАТТАРЫН ЖУУШЫСЫ:

Шымкент қаласының инженерлік авиациялық қызметінің техникалық маманы ретінде сіздің қолыңыздан марапат алу мен үшін үлкен мәртебе. Қарапайым адамдарға көңіл бөліп, көрсетіп жатқан марапаттарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын.