Таразда «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған №67 орта мектеп 1200 оқушыға арналған

  • AstanaTV
  • 01 тамыз 2025
  • 131

Тараз қаласында 1200 оқушыға арналған №67 орта мектеп «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған.  6 млрд-тан астам теңгеге салынған білім ошағы заман талабына сай жабдықталған. Интерактивті тақтасы бар 59 оқу кабинеті, 3 асхана, 2 спортзал, мәжіліс залы, кітапхана, 2 лингафон, 2 компьютер кабинеті бар. Сонымен қатар 3 зертхана мен 3 шеберхана, 10 коворкинг-орталық қарастырылған. Шағын ауданда  бұған дейін жалғыз мектеп болған. Ондағы орын тапшылығы шешіліп, жаңа заманауи мектепке 800-ге жуық оқушы қабылданды. Енді  «Келешек мектептері» жобасымен тағы төрт мектеп бой көтеріп жатыр. Ал, жалпы аймақта 12 жайлы мектеп салу жоспарланған. Қалған 5 мектеп республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне қарай, алдағы жылдары ашылады.

АЙДЫН ДОСЫБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ОРТА БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

«Келешек мектептері» жобасы аясында Жамбыл облысында 2023 жылы 7 мектептің құрылысы басталып, оның 3-еуі 2024 жылы, 1-еуі 2025 жылы пайдалануға берілді. Ал, 3 мектеп жаңа оқу жылында балалар игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Ең озық технологиялармен жарақтандырылып, балалардың алаңсыз білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасалған.