Абайдың туғанына 180 жыл: Астанада кітап көрмесі өтті

Астанада ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай кітап көрмесі өтті. Көпшіліктің назарына 184 кітап, 4 дәйекті сөз және ақынның суреттері ұсынылды. Көрме ойшылдың ұлт мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін танытып, жас ұрпақты адамгершілікке, рухани-мәдени құндылықтарға баулуға бағытталды. Сондай-ақ ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау арқылы оның қазіргі қоғам дамуындағы маңызы мен рухани құндылығын тереңінен ашуды көздейді. Экспозиция 5 тақырыптық бөлімге бөлінді. Мұнда ақынның әр жылдары жарық көрген өлеңдер жинақтары мен поэмалары, ән мұрасы, музыкалық ықпалы, адам болу іліміне негізделген еңбектері, шығармашылығын алғаш зерттеген және насихаттаған Алаш арыстары мен кейінгі буын абайтанушылардың еңбектері топтастырылған.

ШЫҢҒЫС БЕГІМТАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Абай әлем тілдерінде деп аталатын бөлімд Абай Құнанбайұлының шығармаларының әртүрлі тілдерде, яғни жапон, араб, қытай, неміс, француз және басқа да тілдерге аударылған шығармалары жинақталған. Одан кейін Абай Құнанбайұлын зерттеген ғалымдардың шығармалары жинақталған.

Көрмеден соң абайтанушы Кәмен Оразалиннің «Абайдан соңғы арыстар» кітабы қалың оқырманға жол тартты. Кітаптың тұсаукесеріне жазушының ұлы Эльдар Оразалы қатысты.

ЭЛЬДАР ОРАЗАЛЫ, КӘМЕН ОРАЗАЛИННІҢ ҰЛЫ:

Бұл кешегі Алаш арыстарының сол өмірі, олардың ерлігі жөнінде баяндалады. Кешегі Орынбордан бастап сол Семейге қоныс аударған Алаш Үкіметінің Абай ауданындағы Шаған өзені бойында Абай балаларымен елдің қалай қарсы алғаны сол оқиғалардың барлығы соның ішінде толық баяндалады.