Алматы облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аймақтық кезеңі мәресіне жетті

Алматы облысында асыл ұғымдарды ұлықтаған ерекше жоба – «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аймақтық кезеңі мәресіне жетті. Салт-дәстүр мен адамгершілік мұраттарын ардақтаған, ұрпақ тәрбиесінде үлгі болған отбасылардың ішінен үздіктер анықталды.

АСЕЛЬ ЖАЛҒАСБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Биыл бізде жалпы облыс бойынша 87 өтінім келіп түсті. Облыс бойынша, әр аудан, қала бойынша. Оның ішіндегі іріктеліп, облыстық конкурсқа 15 отбасының құжаттары келіп түсті. Арнайы облыстық комиссияның қарауына түсіп, іріктелініп, жалпы 1-ші орын,2-ші орын және  екі бірдей 3-ші орын тағайындалды.

Қазақы қаймағы бұзылмаған салт пен өнегелі тәрбиенің алтын қазығына айналған отбасылар үшін бұл байқау – тек марапат емес, елдік пен руханияттың салтанаты. Арнайы комиссияның шешімімен Қарасай ауданынынан қатысқан Бекдайырлар отбасы – жеңімпаз атанды. Екінші орынды Еңбекшіқазақ ауданынан Шолпанбайлар отбасы еншілесе, үшінші орынға Жамбыл ауданынан Қондыбаевтар және Балқаш ауданынан Телтаевтар отбасы  лайық деп танылды.

ДИНАРА СЕРІКБАЕВА, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Біз ауданымызды ұятқа қалдырмай 2-ші үлкен орынға ие болып отырмыз. Және де осы Мерейлі отбасына қатысқан бүкіл отбасыларды, мен барлық отбасыны жеңімпаз деп атар едім. Себебі әр отбасының өзіндік ерекшелігі өзіндік құндылық сақтаушылар, өзіндік ұрпақ өсірушілер. Сондықтан мен бүгінгі Мерейлі отбасыны ұйымдастырушылардың барлығына үлкен алғысымды айтам.

Байқау жеңімпаздарына салтанатты жиында ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Ал бірінші орын иегері атанған Қарасайлық Бекдайыр отбасы енді республикалық конкурста бақ сынамақ.