Ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаев 74 жасында өмірден өтті

Ұшқыш-Ғарышкер, Халық қаһарманы, Мемлекет және қоғам қайраткері  Талғат Мұсабаев 74 жасында өмірден озды. Ол - үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа бірнеше рет шығып, орбитадағы стансада күрделі техникалық миссияларды орындаған кәсіби ғарышкер. Ғарышта өткізген жалпы уақыты - 341 тәулік. Бұл - қазақстандық ғарыш тарихындағы ең ұзақ көрсеткіш.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Талғат Амангелдіұлының дүниеден озуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Талғат Амангелдіұлы үш мәрте ғарышты бағындырған, ашық космосқа шығып, айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыр тұлға еді. Отандық аэроғарыш саласын дамытуға бар күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Сенат депутаты және қоғам қайраткері ретінде көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азаматтық қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын.

Талғат Мұсабаев ғарышкер ғана емес, инженер, авиация генералы, ғылым мен жастарды қолдаушы тұлға ретінде ел есінде қалды. Оның ерлігі мен еңбегі келешек ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Қазақтың тағы бір жұлдызы аспан төріне қайтып оралды…

МЕЙІРБЕК МОЛДАБЕКОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ:

Талғат Амангелдіұлы өте ашық жарқын мінезді, ашық жүректі, өте әзілді жақсы көретін азамат еді. Ол кісімен бір жерде отыру, бір дастарханда отыру ғанибет болатын. Ал жұмысқа келгенде, жұмыс жағдайында ол кісі өте қатал болатын тұғын. Енді ғарышкер адам ғой. Олар ғарышта әр бір секунд өлшеп жұмыс істейді. Сондықтан барлық қимылдар бір минут қалмай басталып, бір минут қалмай аяқталып, бәрі тәртіппен жүруге тиісті еді.