Павлодарда қала іргесіндегі ауыл халқы жұмысқа жете алмай отыр

Павлодарда қала іргесіндегі Айнакөл ауылының халқы жұмысқа жете алмай отыр. Айтуларынша, елдімекенге қатынайтын №38 автобус күніне екі рет ғана келеді. Ал 700-ден астам тұрғыны бар ауыл қалаға қатынап жұмыс істейді.

ХАМИДОЛЛА БАЯЗИТОВ, АЙНАКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қыстың күні жұмысқа баратындар бар. Сағат 8-де, 7-жарымда жұмысқа баратындар бар. Солардың бәрі жаяулап жолға шығады. 38 маршрут сағат 7-де кіреді осында 8-ге дейін ол кісілер жұмыстан қалып қояды. Сол жұмыстан қалмау үшін олар жанталасып жаяу барады. 3 шақырым жерге жаяу барады осы жерден.

Бұрындары қоғамдық көлік күніне 5 рейс жасайтын. Алайда, кейінгі жылдары  сиреп кетіпті.  Ауылдағы ағайын осыған наразы. Мәселені бір жақты қылып  шеше алмай отырған жергілікті билікке өкпесі қара қазандай.  

МАЙРАГҮЛ ТОЛОР, АЙНАКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді автобус бізге 2 рет қатынайды. Ол бізге қолайсыз. Мысалы, бізге күніне 4 рет келсе, бізге әсірсе, таңертең жұмысқа баруға қиын. Жаздың кезінде бірдеңе қылып жолға шығасыз. Қыстың кезінде вообще қиын. Қараңғы, суық кезде.

Бұл мәселе бойынша ауыл әкімі  Павлодар қаласының әкімдігімен келіссөз жүргізген. Алайда, түйінді түйткіл шешімін таппаған сыңайлы.

АМАНГЕЛДІ РҮСТЕМОВ, ҚАНАШ ҚАМЗИН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Қазір халықтың өтініші бойынша тағы екі рейс қоссын деп өтінім түсіп жатыр Айнакөл ауылының халқынан. Ол сұрақ бойынша Ақсу қаласының әкімдігі және Павлодар қаласы әкімдігі келіссөздер жүргізіп жатыр. Сұрақ әлі ашық. Жоқ деп те, болады деп айта алмаймын қазіргі уақытта.

Айнакөл ауылы Ақсу ауылдық аймағына қарайды. Сол себептен де облыс орталығынан арнайы қоғамдық көлік қарастырылмаған. Тек көрші Атамекен ауылына қатынайтын №38 автобусқа қосымша маршрут ретінде  ұйымдастырылған. Ал автобус рейсін көбейтуге Павлодар қаласының бюджеті мүмкіндік бермейтін көрінеді.