Павлодарда шенділер Айнакөл ауылына 7 жылдан бері су құбырын тарта алмай жүр

  • AstanaTV
  • 06 тамыз 2025

Павлодар облысының Айнакөл ауылында тұрғындар ауыз суға жарымай отыр. Елдімекенге осыдан 7 жыл су құбыры тартылған.  Алайда, жоба аяқсыз қалыпты.  Сол кезде бөлінген 400 млн. теңге ұшы қиырсыз жоғалып кеткен. Бірақ, су құбыры әлі салынбады.

ЖҮСІП ҚАЖЫҚАТОВ, АЙНАКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ақша бөлінді бізге. Ол ақша қайда кетті? 7 жыл назад салу керек еді вода напорная вашня. Ол жоқ, міне. До сих пор жоқ. Мен өзім 11 жыл Айнакөлде тұрам су жоқ. Ленинскиден су аламыз. Олар любой время су тоқтатса, сусыз қаламыз. Ақша қайда кетті бөлінген. Үкіметтен осыған ақша бөлінді ғой.

Сусаған халықты жергілікті билік көрші ауылдың су құбырына апарып қосқан. Бірақ жаз болса, екі бірдей ауылға тіршілік нәрі жетпей қалады. Сол себепті тұрғындар жеке су мұнарасын орнатуды талап етіп отыр. 

ХАМИДОЛЛА БАЯЗИТОВ, АЙНАКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Айнакөл ауылының жекеменшік воданапорныйы салынды. «Ақбұлақ» програмасымен ақша бөлінді. Біз сол өзіміздің іргемізде тұрған жерасты суының игілігін көре алмай отырмыз. Үкімет соған ақша бөлді ғой. Игілігін көре алмай отырмыз. Су  жоқ. Суды Ленинскийден алып ішеміз. Егер Ленинский жауып тастайтын болса, қаншама халық сусыз қалады осында.

Елдімекенге су құбырын тартуға тағы 163 млн. 600 мың теңге бөлінген. Алайда, мердігер жұмысты орта жолдан тастап кетіпті. Ақсу қаласының құрылысы бөлімі компанияны сотқа беріп, жеңіп шыққан. Қара тізімге енген мердігер мемлекетке  14 млн-ға жуық теңгені қайтарып беруі керек. Бірақ, сот шешімі әлі заңды күшіне енбеген.

АМАНГЕЛДІ РҮСТЕМОВ, ҚАНАШ ҚАМЗИН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Заңды күшіне енгесін ол жоба қайта корректировка жасалады да, құрылысты аяқтауға жаңа жоба қосылатын болады. Аяқтағасын бірақ Атамекен кентінің су құбырынан ажыратыламыз. Біз өзіміздікін салып болғасын. Бірақ, нақты қай жылы деп айта алмаймын.

Айнакөл ауылына осымен үшінші рет ауыз су тартуға қаражат бөлінбек. Алайда, оның  да ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесіне кепіл жоқ.