"Мысырда қамауға алынған студенттерге көмек көрсетіліп жатыр", - ҚР СІМ

Мысырға діни білім алуға барған 15 отандасымызды полиция қызметкерлері пәтерден алып кеткені жөнінде ақпарат тараған еді.  Сыртқы істер министрлігі қамауға алынған студенттерге көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Ведомство Мысырда оқитын студенттер оқу визаларын алу және жаңарту кезінде бюрократиялық кедергілерге тап болатынын растады. Мысалы, оқуға түсуге бел буғандар бастапқыда туристік визамен барады. Ал визасы барлар оны жаңарту үшін 4-5 айын жоғалтады. Осылайша, көші-қон ережелері бұзылады. Аталған мәселені шешу үшін жауаптылар Мысыр билігімен келіссөз жүргізуде.

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:

Қазақстан Республикасының Мысырдағы Елшілігі қамауға алынған қазақстандықтарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Жергілікті құқық қорғау органдарымен байланыс орнатып, мәселенің мән-жайын анықтап жатыр. Ресми жауап келіп түскен жағдайда, қамауға алынғандардың туысқандарына тиісті ақпарат жеткізіледі.