Жамбыл облысында оқушы пневматикалық қарумен досын атып жарақаттады

  • AstanaTV
  • 07 тамыз 2025

Жамбыл облысында оқушы пневматикалық қарумен досын атып жарақаттады.  Ойыннан от шықты деген осы. Жасөспірім достарымен бірге әкесінің пневматикалық мылтығын алып, өзара кім мерген екенін анықтау үшін аулада бөтелкелерді атып жарысқан. Сол кезде кәмелетке толмағандардың бірі нысанға қойылған шыныны  түзеп жатқан. Қолына қару ұстаған оқушы шүріппеден саусағын алып үлгерместен абайсызда басып жіберген. Ұшқан оқ досының тура жақ сүйегіне тиген. Абырой болғанда, жарақаты ауыр болмаған. Жәбірленуші сотта кешірім берген. Ал атқан оқушы кінәсін толығымен мойындап, досы мен ата анасынан кешірім сұрады. Тәртіп сақшылары "Cometa 300" маркалы пневматикалық қару спорттық жаттығуға арналған, атыс қаруы болып есептелмейді деп отыр. Сондықтан байқамай оқ атқан айыпталушының қасақана әрекеті болмағандықтан қаруды заңсыз пайдалану бабы бойынша 10 Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төйлейтін болды.