Біздің қыс келсе денеміз ғана жаурамайды, өзіміз де дірдектеп, жылы үйді аңсаймыз. Кей аймақтарға бұл әбден үйреншікті жағдайға айналған. Қақаған қыста кірпіктеріне дейін мұз қатып, жылу жәйін мұңдайды. Жылда қайталанатын бұл сценарий биыл да дәстүрден әрі кетпейін деп тұр. Жай болжам емес, министрліктің берген есебі - осы. Елімізде 10 жылу орталығы әлі «қызыл» аймақта тұр. Яғни, орташа тозу деңгейі - 60 процент. Бәрі күрделі жөндеуді қажет етеді.
СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Былтыр 19 ЖЭО «қызыл аймақта» болса, қазір олардың саны 10-ға дейін азайды. Үш станса «сары аймақтан» «жасыл аймаққа» өтті, сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Вице-министр 10 жылу орталығындағы жағдайдың күрделі екеніне қарамастан, жағдай тұрақты деп сендірді. Бәлкім бұл - қыс басталғанша үлгереміз деген пайымы болар. Бірақ былтырғыдай ел-жұрттың дірдектеп қалмасына қандай кепіл бар? Ол кезде де бәрі жақсы деп сөзбен орақ орғаны есте. Тіпті, жаз басталмай дайындықты бастадық деп, қуантып еді. Бірақ соңында кім жапа шекті? Тұрғындар! Биыл 10 энергоблок, 63 қазандық пен 39 турбинада күрделі жөндеу басталған. Барлық өңір 15 қазанға дейін жылу маусымына дайын болады дейді вице-министр. Алдымен солтүстікке, онан кейін барып оңтүстікке көңіл бөлмекші.
СҰҢҒАТ ЕСІМХАНОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Біз, ең алдымен, солтүстік өңірлерге көңіл бөлеміз, өйткені жылу маусымы ертерек басталады. Оңтүстік өңірлерде жылу маусымы қараша айында басталады, сол себепті ол жақта жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады.
Жалпы, бізде коммуналдық салаға келгенде мәселе көп. Біресе жылу жоқ дейміз, бірде су тапшы деп жыларман күйге түсеміз. Қызылордада осы жаздағы алғашқы жаңбыр бар болғаны 5 күн бұрын жауды, Ал оған дейін температура 52 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық болды. Өздеріңіз білесіздер, Өзбекстан Қазақстанға көп мөлшерде су «қарыз». Шенеуніктер Ташкенттегі әріптестерімен тіршілік нәрін жіберу мәселесі бойынша келісімді, кеш болса да, әйтеуір шілде айының соңында жүргізді. Енді нәтижені күтеміз.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз келістік, алдағы екі аптада олар біздің жаққа 600 миллион текше метр көлемінде су жібереді. Жалпы, тамыз айында суару маусымы аяқталады. Жағдай күрделі болғанымен, шығынсыз шығамыз деп ойлаймын.
Былтыр энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуды көздейтін ұлттық жоба бекітілген. Оны алдағы бес жыл ішінде жүзеге асыру үшін 13 трлн теңгеден астам инвестиция қажет.Бұл қаражат 86 мың шақырым коммуналдық желіні жөндеуге және салуға, жаңа генерация көздерін іске қосуға бағытталады.