Ішкі мазмұнға тағы бір мысал. Солтүстік Қазақстан облысы Новомихайлов ауылында осыдан 12-ақ жыл бұрын амбулатория салады. 4 мың адамға қызмет көрсететін орын болған. Бірақ қабырғалары қақырап, жарықтарынан ... 37 миллион теңге желге ұшты. Амбулатория кішкентай фельдшерлік пунктке айналды. Дәрігерлер қауіпсіздеу деген бөлігінде жұмыс істейді. Олардың өздеріне жедел жәрдем шақырылмаса болғаны... Саңылаулардан «сығаламай-ақ» қоюға болады, 37 миллионды бейнелеп айтқанда, «жағып» жібергендерді ешкім іздеп жатқан жоқ. Новомихайловқа Абзал Құрманкин барған, репортаж дайындамай жатып, бірден маған видео жіберді, «сұмдық көрініс» деп. «Үйге түскен күн сәулеге қуанбайтын сәт» немесе «Қақыраған қабырға» деп аталатын репортажы.
Бұл Қызылжардан жүз шақырым жердегі Новомихайлов ауылы. Елді-мекеннің тіршілігі жаман емес. Ауылда төрт жүзден астам түтін бар. Бұл жақта білім, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары тоқырап тұр деуге келмейді. Алайда денсаулық сақтау саласының бейнелеп айтқанда, «қабырғасы қақыраған». Қаншама жылдан бері емдеу мекемесінің ғимараты салынса деп келген ауыл тұрғындары 2005 жылы дегендеріне жетті-ау, әйтеуір. Бірақ ондай ғимараттың барынан жоғы.
Александр Буткин, ауыл тұрғыны:
Медициналық бекет ашылған кезде қуанышымызда шек болмады. Осында жатып, емделеміз деп ойладық. Алайда, қуанышымыз ұзаққа созылмады.
2005 жылы тұрғызылған амбулаториядағы он шақты кабинетте емнің кел-келген түрін алуға мүмкіндік туды. Алайда тұрғындар сапалы қызмет алмақ түгілі, жарақаттанып қалмаймын ба?- деп қорқатын болды. Нысан тапсырылғасын 2 жыл өтер-өтпестен, ғимарат қабырғалары сөгіле бастады.
Абзал Құрманкин, тілші:
Медициналық бекеттің ішкі ахуалына қарап, ол небары он екі жыл бұрын бой көтерді деп айту қиын. Сұрапыл соғыс заманынан қалған ғимаратқа ұқсайды. Қақырай бастаған қабырғалар төбеден бөлініп жатыр. Ал мына жақта ол тіптен қисайып тұр. Күш салып итеріп қалсаң, шын мәнінде құлайтын түрі бар.
Ғимараттың қолданылу мерзімі 50 жыл. Алайда жаңа айттық, қаусап жатыр. Қабырғамен қатар, нысанның едені де бұзыла бастаған. Жауапты тұлғалар ағашты да, кафельді де сан мәрте ауыстырып көрген. Алайда ағаш-кафельді ауыстырғаннан пайда жоқ, себебі ғимараттың іргетасы жылжып кеткен. Қабырға құлай ма, жедел-жәрдемді өзімізге шақырамыз ба, деп дәрігерлердің өзі үрейленеді. Бірақ амал бар ма?
Татьяна Гриценко, фельдшер:
Сынған қабырғаларға жоламауға тырысамыз. Тұрғындар жиі шағымданады. Бірақ, амал жоқ, жұмыс істеу керек. Жалпы, нысанның іші жылы. Үңірейген тесіктерді бітеп тастадық.
Бірақ шенеуніктер қорықпайды.
Алмагүл Рамазанова- СҚО Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:
Қазіргі таңда тұрғындарға төнген қауіп бар деуге болмас...
Төрт мыңға жуық адамға қызмет көрсеткен амбулатория көп ұзамай жабылып қалды. Адам санының азайғанына байланысты ма, әлде бар гәп апатты жағдайдағы ғимаратта ма, құзырлы тараптар анығын айтпайды. Бүгінде мекеме фельдшерлік – акушерлік бекетке дейін кішірейтілді. Қазір бөлмелердің көбі қаңырап бос тұр. Ал дәрігерлер қорыққаннан нысанның қауіпсіздеу жағында тығылып отыруға мәжбүр.
Сонымен қабырғалар неге қайысып жатыр? Себеп бетон сапасының төмендігінде ме, әлде жобалық-сметалық құжаттардың дұрыс жасалмағанында ма? Оны зерттеп жатқан ешкім жоқ. Соңғы рет құрылыстың сараптамасы 2010 жылы жасалған. Бір «қызығы», экспертизамен айналысқан кәсіпорын ғимаратты апатты деп танымапты. Сарапшылар «мекемеге күрделі жөндеу ғана керек» деген шешім шығарған. Ал ғимарат 37 миллион теңгеге салынған екен. Оны қалпына келтіру үшін дәл сонша қаражат қажет.
Марина Коробкова, Мамлют аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
Алдын-ала жасалған сараптамаға сәйкес, күрделі жөндеу жұмысын жасау үшін ең әуелі жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау керек. Оған 3,5-4 миллион теңге қажет. Сәйкесінше, құрылыстың өзі шамамен 35-40 миллион теңгеге тартады. Сондықтан ғимаратты жаңғыртып, қыруар қаржы салғанша, жаңа нысан сатып алған жөн.
Фельдшерлік бекетті басқа жерге көшіру үшін аудандық атқамінерлер қазір арзан ғимарат іздеп жатыр. 2-3 миллион теңге тұратын жер үй алғылары келеді.
Алмагүл Рамазанова, СҚО Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:
Мәселе қазір үй жағдайы. Өйткені, бұл округ бізде экономически передовой дейді ғой. Округтен кісілер көшпейді. Үйді тауып алу қиын. Өйткені, Меңгесер, Бексейікт деген ауылдар бар. Ақшалары бар кісілер жақсы үйлерді таңдап, сатып алады. Енді біз сол үй мәселесін көздеп отырмыз.
Ал аңғал-саңғал болған ғимаратты көкшетаулық «Маредос» серіктестігі салған екен. Алайда компанияны жауапқа тарту жөнінде ешкім тіс жармады. Нысанды қабылдап алғандар туралы әңгіме қозғау артық екенін ұқтық. Барлығы қолдарын сілтей салған сияқты. Жарылған қабырғалардан желге ұшқан 37 миллион теңге олар үшін ұсақ-түйек ақша дейік десек, арзан үй іздеп жатыр. Шын мәнінде бюджеттері қомақты емес екені түсінікті. Тек «болған іс, болды» деп қарайтындарына таңғаласың. Ал ауылдың байырғы тұрғындары ескі ғимараттың сүйегі берік болғанын айтып, соны жақсылап жөндегенде, дейді.
Вера Буткина, ауыл тұрғыны:
Бұрынғы медициналық бекетке күрделі ремонт жасау керек еді. Ол ғимарат тастан қаланған. Шатырын қалпына келтіріп, жылу жүйесін жөндегенде ғой. Бірақ олар жаңа бекет тұрғызып, ескіні жермен жексен қылды.
А.Құрманкин «Біздің уақыт».