"Абай есіміне лайық болу басты мақсатым", - А. Құнанбайұлы

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Қазір мен Абай көшесінде орналасқан Абай ескерткішінің алдында тұрмын. Бүгінде республика бойынша ұлы ойшылдың есімімен аталатын 1жарымға жуық көше бар. Одан бөлек 1облыс, 1қала, 3аудан мен 26 ауылға ақынның есімі берілген. Сондай-ақ ел аумағында 30-ға тарта ескерткіш орналасқан. Алыс жақын шетелде де Абай Құнанбайұлының мүсіні бой көтерген. Бұл - ұлы тұлғаға деген құрметтің белгісі.

Елімізде Абай есімді 18 763 адам тұрады. Оның басым бөлігі -елордалықтар. 2089 адам. Түркістан облысында 2018, Алматыда 1719 Абай бар. Бұл есімді иеленген ең егде тұрғын 93 жаста. Ал Абайлардың көп таралған жас тобы 30 бен 34 жас аралығында. Саны – 3228 адам. Биыл жарты жылда 157 нәрестеге ұлы ойшылдың есімі берілді. Сондай-ақ,  Абайдай тұлға болсын деген ниетпен бұл атты нәзік жандыларға да қояды. Елімізде Абай есімді 10 әйел бар.

Абай Құнанбайұлы Түркістан облысында тұрады. Өмірге келген кезде әжесі "Құнанбайдың ұлы Абай болуы керек" деп ырымдап Хакімнің есімін беріпті. Қазір жасы 47-де. Ұлы ойшылмен аттас азамат Абай есіміне лайық болу басты мақсатым дейді.

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ, ТҰРҒЫН:

Алматыға келгенде 1,2 ГАИ ұстады. Паспортымды қарайды да, інім апаңа рақмет айт, атаңа рақмет айт, Абай Құнанбаев екенсің деп талай жіберіп жіберген. Танысып жатқанда Абай Құнанбайұлы боламын десең ооо деп төрге шығарады. Мені сыйламаса да Абай Құнанбаев ағамызды сыйлағаннан шығар енді.

Ғасырлар жылжыса да, Абай мұрасы өзектілігін жойған емес. Керісінше, уақыт өткен сайын оның сөзі тереңдей түсіп, әр буын үшін қайта жаңғырып келеді дейді Еркебалан Абай. Өзі ғылымның дамуына үлес қосып келеді. Жеткен жетістіктері де аз емес. Ақынның ғылым, білім жайлы шығармаларын жанына серік еткен.

АБАЙ ЕРКЕБАЛАН, ТҰРҒЫН:

Кішкентай кезімде өзімді көп ойландыратын. Неге мені Абай емес, Қайрат қоймады, Мұрат қоймады деп басымды ауыртатынмын. Әке-шешемнің қойғанын кейін түсіндім. Бұл өзі бір жағынан салмақ болады екен. Қазір өкінбеймін.  Адамды тәртіпке шақырады екен. Мен былай деп айтар едім, біздің Абайдың жазып кеткен еңбектері қазақ үшін дресс-код болуы керек. Ол кісі қалай жүріп, қалай тұру, қалай рухани мәдениетті болу керегін айтып кеткен.

Есіркеп Абай- Елорданы жылумен қамтамасыз етіп отырған азаматтардың бірі.  Ұлы ойшылдың 150 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс дүниеге келген ол  Абайдың есімі қойылған жастар ел болашағын жалғайтын буын екенін айтады.

АБАЙ ЕСІРКЕП, ТҰРҒЫН:

Мен үшін үлкен мәртебе, осындай ұлы тұлғаның атын алып жүру. Болмасаңда ұқсап бақ дейді ғой, Абайға ұқсауға тырысамыз. Жалпы Абайдың ұстанымын күнделікті тұрмыс тіршілікте қолданған адам тек биік шыңдарды бағындырады деп ойлаймын.

Абай Битаевтың қылмыстық атқару жүйесінде жұмыс істегеніне 17 жыл болған. Салаға қарапайым курсант болып келген ол бүгінде 60 адамдық ұжымды басқарып, сотталғандардың тәртібін қадағалап отыр. Абай есімін оған ата-анасы қойған. Кішкентайымнан әр қадамымды абайлап басып, өмірдің тетігіне бір кірпіш болып қалануға тырыстым дейді ол.

АБАЙ БИТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚАЖ ДЕПАРТАМЕНТІ №37 МЕКЕМЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Кішкентай кезімде ата-анамнан және мектеп қабырғасында жүрген уақытымда Абай Құнанбайұлының нақыл сөздерін кітаптарын, қара сөздерін оқып осы күнге дейін осы күнге осындай дәрежеге дейін жетіп отырмыз. Осындай Ұлы есімді алып жүру мен үшін мақтаныш қана емес, жауапкершілік болып есептеледі. 

Бір ғана адам – ұлттың рухани тірегіне, сан буынның ақыл көзіне айналды. Абай – халқымен бірге жасап келе жатқан ұлы тұлға.