Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматымен іргелес ауылдардың балшық өмірі...

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2017
  • 3060

«Алысқа ұзап қажеті жоқ, шын өмір Алматы маңынан басталады». Бұрыннан айтылатын сөз. Және актуальдігін жоймайтын сөз. Және ірі қалалардың бәрімен байланыстырып айтуға болатын сөз... Ал шын өмірге тура да, ауыспалы да мағынасында дәл келетін сөз - «балшық».

Тұрғындары балшық кешкен Алматының ауылдары туралы әріптесім Ришат Асқарбекұлының репортажы.

- Күнде біз сабаққа осылай аяғымыз балшық болып барамыз...

Ата-аналары Алматы сияқты әсем қаладан әдемі өмір іздеп келгенімен, саз кешіп мектепке бару мына балалардың күндегі тірлігі. Күні бойы жауған нөсердің соңы қарға ұласса, асфальт төселген жол биыл да оқушылардың түсіне ғана кіруі мүмкін. Қала орталығынан таяқ тастам жерде жатқан елді мекенде жүздеген түтін бар. Шағын ауданға табиғи газ тартылған, ауыз су да жеткізілген. Тек тұрмыстың сәнін бұзып тұрған жол ғана.

Дүйсенбек Пернебаев, Алматы қаласының тұрғыны:

Көшенің аты қазақтың атақты жазушысы Сафуан Шәймерденов атында. Соған лайық болуы керек қой. Қараңызшы грейдермен жүріп тазалады. Бірақ балшықтың бәрін есіктің алдына үйіп кетті, не машинамен шыға алмаймыз, не жаяу жүре алмаймыз.

Ришат Асқарбекұлы, тілші: 

Осыдан 8 жыл бұрын құрылған Алатау ауданынында 18 шағын аудан болса, соның бірі - Красный Трудовик деген атпен қалған осы елді мекен. Маусым айынан бері мына көше де қазылып, кәріз желісі мен ауыз су тартылып жатыр. Жер құрғақта шаң, жауын жауса лайға айналатын көшенің сиқы мынау. Бәрінен де мұның азабын жергілікті тұрғындар тартып отыр.

Кеңес замамында «Еңбекшілер ауылы» деп аталған елді мекенде қазір еліміздің әр аймағынан көшіп келген қандастарымыз тұрады. Ондаған жылдар бойы инфрақұрылымы жоқ шағын ауданға биыл қаражат бөлініп, кәріз желісі тартыла бастапты. Тұрғындар бастапқыда қуанғанымен, артынан шалағай шаруаның кесірін тартып отырғандарын айтады. Үйме-үйме топырақ екі күндік жауыннан соң, илектелген саз-балшыққа айналған.

Серік Сұлтанов, Алматы қаласының тұрғыны:

Үшінші қараша күні Трудовик әкімі мен участок бастығына жолықтық, ол кезде жер құрғақ еді. Айттық, екі үш күннен соң жауын жауады. Сұмдық балшық болады, сондықтан қырып, жинау керек дедік. Тыңдаған жоқ.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келгенін естіген аудан атқамінерлері көп кешікпей төбе көрсетті.  Жаймашуақ күндері істелмей қалған шаруаны алдағы жауынды-қарлы күндері тындыруға уәде берді. Құрылыс компаниясына айыппұл салғандарын да айтты. Шұңқырларды дер кезінде көміп, көшені топырақтан тазартпаған мердігерлерді мәжбүрлеп болса да, бітіреміз дейді.

Қайыржан Жақсымбетов, Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары:

Мәселе шара қолданып, штраф салу да емес. Сол мекемені заставить етеміз. Осы көшені қалпына кетіруге. Бақылауда, қазір де жиналыс өткіздік, осы бойынша.

«Шаңырақ» ықшам ауданында тура осындай көрініс. Елді мекендегі ең үлгілі саналатын Сабыр Рақымов атындағы көше тұрғындары да толарсақтан саз кешіп отыр. Халық көп қатынайтын аудандық емхананың алдындағы көшеде де асфальт жабындысы арнайы техникамен бұзылып жатыр. Бұл жерде де жақында канализация құрылысы басталмақшы.

Орал Өтегенов, «Шаңырақ» ықшам ауданының тұрғыны:

Жолдың бәрін су қазамыз деп бір жағын бір қазып кетті. Оны көмбей кетті. Екінші жағына канализация жүргіземіз деп оны да қазып, көріп тұрсыздар, ойылып кеткен. Кеше жаңбыр жауып еді, су толып еш жер көрінбейді. Машиналар келіп түсіп кетті.

Дулат Рақымжанов, «Шаңырақ» ықшам ауданының тұрғыны:

Акиматтан адамдар келді. Олар біз жауапкершілк алмаймыз, басқа адамдар қарайды деді. Кім қарайды сонда, ешкім білмейді. Балалар күнде жүріп жатыр. Өткенде осында адам түсіп кетіп, өлген жағдай да болды. Оны актиматтағылар біледі. 

Шенділердің айтуынша, Алатау ауданының инфрақұрылымына аз қаражат бөлініп жатқан жоқ. Жаңа аудан құрылғалы бері аймақты дамытуға 70 млрд. теңгеден астам қаржы  жұмсалған. Келесі жылдың соңына дейін 14 елді мекен кәріз суы ағатын желімен қамтылмақ. Бірақ оған дейін елдің жүйкесі тозып отырғанын ақ жағалылар жоққа шығармайды. Балшыққа батқан ауылдардың көшелерін алдағы екі аптада тазалайтындарын айтады. Өздері емес, әрине. Тапсырыс алған компанияларға айтар. Мердігерлерге әу бастан талап қоймайтындары ғана түсініксіз. Негізі, екі аптадан соң барып көруге болады. Әлде журналистер қайта-қайта келе бермес дей ме екен...

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».