Абай облысында 10 млрд теңгеге су желілері салынады

Заңсыз иемденілген активтер есебінен қаржыландырылатын жоба 21 елді мекенді қамтиды

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында заңсыз иемденілген активтер қаражаты әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдар салуға бағытталуда. Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан Абай облысында сумен жабдықтау желілерін жүргізуге 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлуді мақұлдады.

Өңірде барлығы 21 жоба қолға алынған, оның жетеуі – Семей қаласында. Сондай-ақ су жүйелері Бородулиха, Үржар және Абай аудандарындағы ауылдық елді мекендерде тартылады.

Бұл жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, коммуналдық қызметтерге қолжетімділікті арттыруға және Мемлекет басшысының тапсырмасына сай инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Нысандарды биыл іске қосу жоспарланып отыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазір сумен жабдықтау қызметтері Семей қаласында 95,5%-ды, ал Абай облысының ауылдарында 95%-ды құрайды.