Жапонияда өткен мерекелік шараға 3 мыңға жуық көрермен қатысты
EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесінде Қазақстанның Ұлттық күні аясындағы салтанатты іс-шаралар өтті. Оған ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған қазақстандық делегация қатысты.
EXPO National Day Hall сахнасында Қазақстан Республикасының туын көтеру рәсімі ұйымдастырылып, оған министр А.Шаққалиев пен Osaka EXPO 2025 қауымдастығының өкілдері қатысты.
Арман Шаққалиев Жапония үкіметіне және көрмені ұйымдастырушыларға жоғары деңгейдегі дайындық пен қонақжайлылық үшін алғыс білдіріп, шараның қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналуын ерекше атап өтті.
Бұл – өңірлеріміздің қашықтығына қарамастан рухани жақындығымыздың дәлелі. Бізді дәстүрлерге құрмет, білім мен еңбекке деген жоғары бағалау біріктіреді, - деді министр.
Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Акиёси Като Қазақстанды Ұлттық күнімен құттықтап, мәдени алмасудың екі ел арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтудағы маңызына тоқталды.
EXPO аумағында қазақстандық балуан, төрт дүркін әлем рекордшысы Сергей Цырульников, ұлттық киім киген әртістер мен батырлар қатысқан шеру өтті. Оны шамамен 3 мың көрермен тамашалады.
Сондай-ақ көрмеде Астана қаласы мен Ұлытау өңірінің инвестициялық және туристік әлеуетін танытатын стендтер қойылды. Қазақстандық павильонға келушілер саны 900 мыңға жетті.