Қазақстанда биыл 31,5 мың шетелдік студент білім алуда

Саясат Нұрбек шетелдік университеттерді өңірлерге тарту арқылы ғылым мен технология дамитынын айтты

Биылғы оқу жылында Қазақстанға 31 500 шетелдік студент келіп, жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Студенттердің ішінде Ресейден – 3000, Үндістан мен Пәкістаннан – 12 500, Қытайдан – 2000 адам бар. Сондай-ақ Нигерия, Моңғолия, Әзербайжан, Италия, Франция, АҚШ және Австралиядан да жастар келді.

Министрдің айтуынша, басты мақсат – өңірлерде шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу. Бұл қадам білікті профессорларды тартуға, заманауи зертханалар мен құрал-жабдықтарды дамытуға және инвестицияны көбейтуге мүмкіндік береді.

Шетелдік білім беру мекемелерінің ашылуы технология трансферін қамтамасыз етеді. Мықты университеттер арқылы ғылыми жобаларды тартып, жергілікті мамандармен қатар 40-қа жуық шетелдік профессордың ғылыми әлеуетін пайдаланудамыз. Қазір 11 патентіміз бар, – деді Саясат Нұрбек.

Бұған дейін министр алдағы уақытта сабақ беретін ЖИ аватар-мұғалімдер пайда болатынын айтқан еді. Бес айдың ішінде қазақстандық студенттер жасанды интеллект саласында белсенді жұмыс бастап, алғашқы нәтижелерін көрсетті.