Алматыда тұңғыш Атом электр станциясының құрылысы басталды. Үлкен ауылындағы алғашқы бұрғылау жұмыстары – Қазақстан тарихындағы ең ауқымды энергетикалық жобаның беташары. Бұл күн – тек техникалық жұмыс басталған сәт қана емес, стратегиялық серіктестіктің нақты іске айналғанының белгісі.
АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ ЖӨНІНДЕГІ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жобаға қатысушы барлық мамандарға қауіпсіз, үйлесімді және нәтижелі жұмыс тілеймін. Барша серіктестерге, мемлекеттік органдарға және ең алдымен Үлкен тұрғындарына көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін алғысымды білдіремін.
ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:
Мен тұрған орында қазір ғана алғашқы бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта дәл осындай тереңдігі 120 метрге дейін жететін кемі 50 ұңғыма бұрғыланып, сынамаға тапсырылмақ. Алынған деректердің негізінде Атом электр станциясының нақты орны айқындалып, құрылыс жұмыстары басталады. Ал мамандар топырақты зерттеу 18-бен 24-ай уақыт аралығын қамтиды деп отыр.
Әрбір алынған сынама – қауіпсіздік пен сенімділіктің кепілі. Бұл деректердің дәлдігі станцияның жобалық сызбасынан бастап, оның ондаған жылдар бойғы тұрақты жұмыс істеуіне дейін тікелей ықпал етеді.
АЛЕКСЕЙ ЛИХАЧЁВ, “РОСАТОМ” МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Үлкендегі инженерлік іздестірулердің басталуы – Қазақстанның заманауи тарихындағы алғашқы ірі қуатты атом электр станциясына бастайтын жолдың алғашқы қадамы. Бұл кезеңде біз алаңның болашақ атом станциясы үшін толықтай қолайлы екеніне сенімді болу мақсатында мұқият зерттеуге баса назар аударамыз. “Росатом” Қазақстанның дамуы үшін стратегиялық маңызы зор осы жобаны жүзеге асыруға бар тәжірибесін қолдануға дайын.
Мамандар қуаты 1200 мегават болатын станция құрылысы толық аяқталған соң, алпыс жыл бойы, тіпті одан да ұзақ мерзімде Қазақстанды сенімді энергиямен қамтамасыз ететінін айтты.