Президент тазы мен төбетті ұлттық бренд ретінде насихаттауды тапсырды

Қазақ тазысы әлемді мойындатты. Финляндия астанасында өткен дүниежүзілік көрмеде елден барған 8 төртаяқтының 7-еуі жүлделі орынға ие болды. Мәселен, Тамерлан атты жүйрік «Әлемнің жас чемпионы» атанды. Ал «Әлем чемпионы» титулына Лашын және Ару атты иттер ие болған. Екінші орынды да қазақ тазылары еншіледі.

БАУЫРЖАН СЕРІКҚАЛИ, ҚАЗАҚСТАН КИНОЛОГТАР ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз үлкен презинтация ұйымдастырдық. Тұсаукесері қазақы тазының. Ол да үлкен, қызығушылық көрсетті. Көп сарапшы қызығып, киіз үйге суретке түсіп, тазы туралшы ақпарат сұрап + иттеріңізді, тұқымыңызды көрсетіңіздер деген сұраныстар түсіп жатыр.

«World Dog Show» деп аталатын байқауға әлемнің түкпір-түкіпірінен 25 мың ит әкелінген. Жүйрік тазылар халықаралық деңгейде танылған тұқым ретінде бұл көрмеге алғаш рет қатысып отыр. Бірінші жылдың өзінде көптің назарына ілінді. Қазақтың тазысына қызығушылық білдіргендер аз болмады. Өзге елден келген делегация мүшелері арнайы суретке түсіп, оның тарихы мен ерекшелігі туралы ақпаратты қызыға тыңдаған.

ӨЗЕН БЕЛКІШ, ТҮРКИЯ КИНОЛОГИЯ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тазыны әлемге таныстыру үшін Қазақстан кинология федерациясы бар күш-жігерін салып жатыр. Сол үшін әріптестеріме ерекше алғыс айтқым келеді. Өзім көріп қуанып отырмын. Ұлттық мәдениетті дәріптеу үшін жасап жатқан істеріңізге сәттілік тілеймін.

Мұндай ақжолтай хабар халықтың рухын көтеріп, мерейін асқақтатты. Президент   Қазақстан кинологтар одағын қазақ тазысының халықаралық деңгейдегі жетістігімен құттықтады. Әрі, әрі қарай тазы мен төбетті ұлттық бренд ретінде кеңінен насихаттауды тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желіге жазды. 

РУСЛАН ЖЕЛДІБАЙ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ – БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Тазы тұқымын дамыту және бірегей қасиеттерін сақтау, жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, халықаралық көрмелерге тұрақты қатысу сияқты бағыттардан тұратын бұл іске Қазақстан кинологтар одағымен қатар мемлекеттік органдар да белсенді атсалысуға тиіс.

Енді Президент Іс басқармасы мен министрліктер, жергілікті әкімдіктер осы жұмысты бірлесіп атқаруы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев төбет тұқымын да ерекше қамқорлыққа алу міндетін жүктеді. Бұл Президент Әкімшілігінің ұдайы бақылауында болады.