Астанада Мемлекет басшысының сыртқы саясаты туралы жаңа еңбек таныстырылды

Астанада Мемлекет басшысының сыртқы саясаты туралы жаңа еңбек таныстырылды. «Президент Тоқаевтың дипломатиясы» деп аталатын кітапта Қазақстанның халықаралық аренадағы қадамы мен бастамалары кеңінен талданған. Сарапшылар еңбектің басты құндылығы - қазіргі күрделі кезеңдегі ел ұстанымын түсінікті тілмен жеткізуінде дейді. Мұнда Ауғанстан мен Украинадағы ахуал, климаттың өзгеруі, жаһандық тұрақтылық сияқты тақырыптар қамтылған. Сонымен қатар ерекше көңіл көрші саясатына, өңірлік интеграцияға және әлемнің жетекші державалары Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен және Еуропалық одақпен өзара іс-қимылына бөлінген. Кітапта Қазақстанның геосаяси тұрақсыздық жағдайында сындарлы диалогқа, мүдде тепе-теңдігіне және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға ұмтылысы айқын көрсетілген.

АЛУА ЖОЛДЫБАЛИНА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Халықаралық ұйымдардың трансформациясы байқалады. Мысалы, Біріккен ұлттар ұйымының жұмысы, бүгінде басқа ұйымдардың медиатор ретінде жұмыстардың барлығы трансформацияға ұшырап жатыр. Соның аясында, яғни, Қазақстанның сыртқы саясатындағы жалпы талдау жасап, бүгінде ол қалай өзгерді, бүгінде ол қандай принциптерге негізделеді, оның бүгіндегі өзгерісі неде деген сұрақтарға жауап беруде, осы мақсатта, яғни осы кітап жазылған болатын.