Елдің барлық өңірінен келген 120-дан астам жас маман тәжірибе алмасып, жаңа мүмкіндіктерді талқылауда
Павлодар облысында Халықаралық жастар күні және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Жастар болашағы – жарқын Қазақстан» атты республикалық жастар форумы өз жұмысын бастады.
Басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен 120-дан астам жас инженер, өнеркәсіп маманы, IT-әзірлеуші, дәрігер, кәсіпкер және қоғамдық ұйым өкілдері жиналды. Барлығы да – 35 жасқа дейінгі, мақсат-мұраты айқын, кәсіби дамуға ұмтылған белсенді азаматтар.
Форум делегаттарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеқұттықтау жолдап, жастарды елдің қозғаушы күші әрі жаңғырудың негізгі тірегі деп атады. Шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысып, жастардың ел дамуына қосар үлесіне тоқталды.
Вице-премьердің айтуынша, Үкімет жас буынды қолдау мақсатында кешенді шаралар атқаруда. Соның ішінде:
- студенттік шәкіртақыларды екі есеге арттыру;
- 4,5 мың орындық 17 жатақхана салу;
- шетелдік оқу орындарының филиалдарын ашу;
- «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға» секілді бағдарламаларды жалғастыру;
- жұмысшы мамандарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру;
- «Болашақ» стипендиясының 60%-ын техникалық мамандықтарға бөлу.
Ұйымдастырушылар форум жастардың кәсіби әлеуетін арттыруға, жаңа буын мамандардың ел дамуына белсенді атсалысуына серпін береді деп сенеді.