Түркістанда 116 шетелдік «кеурек» шөбін заңсыз жинап ұсталды

Полиция рейд барысында экологиялық заңбұзушылықтардың алдын алу шараларын жалғастырып жатыр

Түркістан облысында полицейлер дәрілік қасиеті бар «кеурек» шөбін заңсыз жинаумен айналысқан 116 шетелдік азаматты анықтады. Бұл деректер биылғы жылдың алғашқы айларында Арыс, Отырар және Сарыағаш аудандарында жүргізілген рейдтер кезінде белгілі болды.

Арыс ауданындағы Қожатоғай мен Монтайтас ауылдық округтерінде ұсталған 68 шетелдіктің 54-і сот шешімімен елден шығарылса, қалған 14-іне айыппұл салынды. Тамыздағы тексеріс барысында тағы 14 заңбұзушы қолға түсіп, олардың ісі аудандық сотқа жіберілді.

Тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар, жергілікті тұрғындарға табиғатты қорғау және заң талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Экологиялық тәртіпті нығайтуға бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.