ЕАЭО Үкімет басшылары Ыстықкөлде бас қосады

Чолпон-Атада өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында интеграция, сауда, энергетика және көлік саласындағы маңызды шешімдер қабылданбақ

14-15 тамыз күндері Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Чолпон-Ата қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы өтеді. Жиынға Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің үкімет басшылары қатысып, интеграциялық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылайды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметінше, отырыс барысында биржалық сауданы дамыту бағдарламасы, бәсекелестік ережелерін сақтау, мұнай, газ және дәрі-дәрмек нарықтарын қалыптастыру, көлік дәліздерін цифрландыру, климаттық саясатты үйлестіру, еңбек нарығындағы біліктілік талаптарын жақындастыру және медициналық бұйымдар нарығын дамыту сынды бірқатар стратегиялық құжаттар қаралады.

Бұл шешімдер ЕАЭО кеңістігінде экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталмақ.