Қазақстан 374 қылмыскерді ұстап, синтетикалық есірткі таратқан трансұлттық топтардың жолын кесті
Санкт-Петербург қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген делегациялар, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитеті, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті үйлестіру бюросы және Терроризмге қарсы орталық өкілдері қатысты.
Қазақстан делегациясын Ішкі істер министрі Ержан Саденов басқарды. Оның айтуынша, биыл қазақстандық полиция ТМД елдері үшін 374 қылмыскерді анықтап, ұстады. Олардың қатарында ондаған жылдар бойы жасырынған аса қауіпті қылмыскерлер бар. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндіру және таратуға қатысы бар үш трансұлттық топты қосқанда, 13 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Барлығы 119 ТМД азаматы қолға түсті.
Министр есірткі тасымалы арналарының көзін жою үшін бірлескен арнайы операцияларды күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылды жандандыру мақсатында ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіру, сұрауларды орындау мерзімін қысқарту және халықаралық құқықтық актілерге түзетулер енгізу жөнінде ұсыныс жасады. Бұл бастамалар Кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша базалық оқыту орталығы айқындалды, мамандардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау шаралары қаралды. Сонымен бірге криминалистикалық және сараптамалық қызметті жетілдіруге қатысты ұсынымдар әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Кеңес жұмысы сындарлы диалог аясында өтіп, қылмысқа қарсы күрес саласында ортақ ұстанымдарды қалыптастыруға және маңызды шешімдер қабылдауға жол ашты.