Қазақстанда мемлекеттік наградаларға ұсыну ережелеріне өзгерістер енгізілді

Президент өкімімен мемлекеттік марапаттарға ұсыну ережелеріне түзетулер енгізілді – талаптар қатаңдап, рәсімдер нақтыланды

Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен мемлекеттік наградтауға ұсыну және оларды тапсыру тәртібіне өзгерістер енгізілді. Жаңартылған нұсқаулық наградтауға үміткерлерді іріктеу кезінде ашықтықты, әділдікті және объективтілікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Енді наградтау қағазында үміткердің еңбек жолы, ел мен халық алдындағы нақты еңбектері, сондай-ақ жасалған уақытына қарамастан қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы мәліметтер толық көрсетіледі. Кей жағдайларда ішкі істер органдарынан мінездеме талап етіледі.

Көпбалалы аналарды марапаттау талаптары да реттелді: марапат тек Қазақстан азаматы болып табылатын көпбалалы аналарға беріледі. Егер олардың балаларының бірі өзге елдің азаматы болса, олардың паспорттарының куәландырылған көшірмелері мен фотосуреттері қоса тапсырылуы керек.

Сонымен қатар, мемлекеттік наградалардың дубликаттарын дайындау кезінде қымбат бағалы металдар қолданылмайды. Ал наградаға құқықты қалпына келтіру тек уәкілетті органдардың ресми өтініші мен тиісті құжаттар ұсынылған жағдайда жүзеге асырылады.

Бұл өзгерістер наградтау рәсімін жүйелеуге және мемлекеттік марапаттар институтына деген сенімді арттыруға бағытталған.