«Доллар бағасы 600 теңгеге жетуі мүмкін», - экономист

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Доллар тағы қымбаттауы мүмкін. Сарапшылар аз-маз емес, 600 теңгеге дейін шарықтайды деген болжам жасаған. «Жақсы сөз жарым ырыс» дейін десең де «жаман айтпай жақсының жоғы» тағы бар. Оның үстіне бұған дейін айтылған мамандар пікірі толық орындалды. Тіпті, доллар олар айтқан межеден асып кеткен. Бұл - жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынының дәлелі. Дәл қазір Астана мен Алматы қалаларындағы ақша айырбастау пункттерінде АҚШ валютасы 537-542 теңге аралығында саудаланып жатыр. Нарықты жақсы меңгергендер мұның соңы жақсылыққа апармайды деп топшылады.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Бұрын біз долларды қалай сақтап тұратынбыз? Трасферттерді бөлу арқылы доллар бағасы сақталып тұратын. Ал қазір Үкіметке тікелей тапсырма берілгеннен кейін долларды ұстап тұрудың немесе құныны көтерудің фауторлары азайған уақытта доллар қымбаттайды. Үш валютада сақтауымыз керек. 30% міндетті түрде өзіміздің теңгемен. Ал қалған 30% доллармен, қалған 30% юаньмен немесе евромен сақтауға болады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Көк қағаз тізгіндегенге көнбей кеткелі жұрт алай-дүлей.  Құлағы түрік жандардың дені не қымбаттайтынын өздерінше сараптап, сақ жүр. Әсіресе бір үйді аңсап жүргендер баспана құны тағы шарықтайды деп шырылдап отыр. Бекер емес. Құрылыс материалдарының 60-70 проценті шетелден келеді десек, құнның қымбаттауы мүмкін деудің өзі артық. Өйткені, бұл – анық құбылыс дейді сарапшылар.

ҒАЛЫМЖАН ЕСҚАРАҰЛЫ, ЭКОНОМИСТ:

Біздің ішімізде инфлияцияның деңгейін көтереді. Екіншіден ақшаның құнсыздануына алып келеді және импорттық тауар бағасының қымбаттауына алып келеді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Доллардың құны көтерілді ме, азық-түліктің де құны демде өсіп шыға келеді. Өйткені ішіп-жемнің 80 проценті шетелден алынады. Тек импорт қымбаттайды деген аты ғана. Бізде бірнарсенің бағасы өссе, автоматты түрде өзгенің де құнын шарықтату қанға сіңген. Демек, доллар тұрақсыздығының әсері отандық өнімнен де айналып өтпейді. Қазірдің өзінде қауесет тарап кетіп еді, кәсіпкерлер қалтаны ойлап, қаржыңызды қағып алға дайын тұр.

БЛИЦ:

- Қант, сұйық май, ұн өнімдері қымбаттаған. Қанттар 10 мыңның үстіне шығып тұр.

- Ет қымбат қазір. Жұмыртқа да өсіп жатыр.

- Алманың бағасы 800-850 деген қымбат қой. Бұрын 400-500-ге алатынбыз. Қазір масқара!

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Осыдан 2 жыл бұрын Қазақстан үкіметі 2023-2027 жылдарға арналған экономиканы дамытудың үш сценарийін қарастырғаны есте. Сонымен, базалық сценарий бойынша доллардың бағамы 470 теңге, оптимистік жағдайда – 440, пессимистік жағдайда 500 теңге деңгейінде көтеріледі деп болжанған. Уәде  бойынша осыдан артық әрі аспауы керек еді. Бірақ қазіргі жағдайды көріп отырмыз. Мұндайда "Үкімет валютаны бағамда ұстай алмай отыр ма?" деген сұрақ туады.

ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Ұлттық Банк биржалық және биржадан тыс валюта нарықтарындағы жағдайды мұқият қадағалап отырады және қажет болған жағдайда айырбастау бағамының тұрақсыздандырушы ауытқуларына жол бермеу, шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс теңгерімін қалпына келтіру, сондай-ақ валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауға дайын.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Теңге алғаш айналымға енген жылы 1 доллардың құны шамамен 4 теңге 76 тиын еді. Содан бері доллар бағамы 100 есе шарықтады. Әсіресе, 2015 жылдан бастап «Алпамыс батырдай» күн сайын өсуін бастады. Ал, соңғы 4 жылда мың құбылды. 2020 жылы 424 теңге көлемінде сатылса, 2021 жылғы орташа бағамы 427, 2022 жылы көктемде 480, 2023-те 429 теңге маңайында саудаланды. Биылғы көрсеткіш 500-ден асқан. Демек, келер жылы 600 теңге болады деген сөз жай сыбыс болмауы да мүмкін.