Ақтөбе облысында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі алғашқы басқарма құрылды, хабарлайды Astana TV.
Еске салайық, басқармаларды құру – қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысын күшейтуге бағытталған реформаның бір бөлігі. Жаңа басқармалар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда негізгі буынға айналады. Олардың міндеті – өтініштерге жедел әрекет ету, отбасыларға көмек көрсету және өңірдегі бала әл-ауқатына жауапты барлық қызметтердің жұмысын үйлестіру.
Жергілікті атқарушы органдардың базалық құрылымына Балалардың құқықтарын қорғау басқармасын құруды көздейтін өзгерістер енгізілді. Басқармаға облыстық және республикалық маңызы бар қалалар мен аудандардағы балалардың құқықтарын қорғау бөлімдері, сондай-ақ елордадағы тиісті бөлімдер бағынады.
Аталған бөлімшелердің тиімді жұмыс істеуі үшін Оқу-ағарту министрлігі заңнамалық деңгейде норма бекітті – қорғаншылық және қамқоршылық органының бір маманы 5 мың балаға қызмет көрсетеді. Соның нәтижесінде биылғы жылдың басынан бері жергілікті деңгейдегі қызметкерлер саны 303-тен 896-ға өсті. Олар үшін оқыту курстары ұйымдастырылып, бірыңғай жұмыс стандарттары енгізілуде.
Жоба ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп жүзеге асырылуда және еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен енгізілетін болады.