“Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман” тақырыбындағы жиында білім беру жүйесінің болашағы мен жаңа технологияларды енгізу жолдары талқылануда
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ұстаздардың республикалық тамыз конференциясы өз жұмысын бастады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында өтіп жатқан бұл ауқымды жиынның мақсаты – заман талабына сай, адамгершілігі жоғары, кәсіби білікті әрі әлеуметтік жауапты тұлғаны қалыптастыруға бағытталған білім беру жүйесінің даму бағытын айқындау. Биылғы конференция “Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман” тақырыбымен өтуде.
Басқосуда келесі негізгі бағыттар талқыланып жатыр:
-
«Адал азамат» бағдарламасы аясында білім мен тәрбиенің үйлесімі;
-
техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кәсіби бағдар мен заманауи (hard, soft, digital) дағдыларды қалыптастыру;
-
орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу;
-
«Қазақстан балалары» стратегиясы аясында ведомстволардың өзара іс-қимылы;
-
инклюзивтік білім беру тәжірибесін жетілдіру.
Конференцияға 1 500-ден астам адам қатысуда. Шара аясында «Келешек мектептері», «Абай ұлттық мектебі», «Дарынды балалар – ел мақтанышы», «ТжКББ-дегі үздік тәжірибелер» және «Білім берудегі цифрлық шешімдер» атты көрме аймақтары ұйымдастырылған. Мұнда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу бойынша заманауи құралдар, интерактивті платформалар, әдістемелік әзірлемелер және оқытудың жаңа тәсілдері ұсынылуда.
Жиын соңында педагог мәртебесін арттыруға бағытталған қарар қабылданып, үздік ұстаздар марапатталады. Сондай-ақ қазақстандық әртістердің қатысуымен концерт өтеді.